383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалық кеңсе қызметкерлері кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды

  • 136
  • UPD: 10:40, 17.06.2019
Ақмолалық кеңсе қызметкерлері кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды

Ақмола облысының жас мемлекеттік қызметшілері енді бұрынғыдай құрылымдық органдарда емес, салалық кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, бұған дейін бөлім маманы облыстық басқармаға, ал басқарма қызметкерлері министрлікке барып тағылымдамадан өтетін болса, биылдан бастап олар зауыт-фабрика, шаруа қожалығы мен коммуналдық кәсіпорындарда шеберліктерін шыңдайды.

Мемлекеттік қызметте небәрі 3 жыл ғана тәжірибесі бар Нұржан Бостан «Көкшетау су арнасы» мекемесінде бір апта бойы тағылымдамадан өтті. Ол облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасында сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы бөлімінде жетекші болып жұмыс істейді. Жас маманның айтуынша, бұл кәсіпорын өзі қызмет атқаратын салаға тікелей тиесілі болғанмен, білмейтін тұстары өте көп екен.

Елена Бородина, коммуналдық мекеменің бөлім жетекшісі:

– Нұржан Маратұлы тағылымдама барысында біздің мекеменің жұмысымен бастан аяқ танысып шықты. Тіпті біздің қызметкерлермен бірге апат болған жерлерге де барды. Диспетчерлердің тәулік бойғы қызметін де көрді. Жалпы мұндай тәжірибе алмасу біз үшін өте тиімді. Себебі мемлекеттік мекемеден келген маман біздің проблемаларымыздың барлығын өз көзімен көретін болады. Сөйтіп кейін ол мәселелерді шешуге тікелей атсалысады деген сенімдеміз.

Ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Самат Сәниев қазір ауылшаруашылығы техникаларының қалай құрастырылатын жатқа біледі десек те болады. Ол небәрі төрт күннің ішінде зауыт жұмысымен толық танысып шыққан. Бұрын мұнда қаншама рет келіп-кетіп жүрміз, алайда көп нәрсеге мән бермейді екенбіз, дейді жас маман.

Самат Сәниев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы:

– Біз кеңседе отырып, ақпарат сұратқанда тезірек бергенін қалаймыз. Мәселен, жылдық жоспарын алғымыз келеді. Бірақ соның барлығы оңай шаруа емес. Бұл бизнес болғаннан кейін олар алдымен нарықты зерттеу керек, шикізатқа да тәуелді. Техника да бір күнде құрастырылмайды. Жалпы келешекте менің кәсіби мықты маман болуыма осы тәжірибе міндетті түрде пайдасын беретініне сенімдімін.

Жалпы биылғы бірінші жартыжылдықта Ақмола облысында 77 мемлекеттік қызметкерді дәл осындай әдіспен тәжірибеден өткізу жоспарланған. Олардың көпшілігі қазір бұл тағылымдаманың берері мол екенін айтып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы