389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы Ақсу қаласының жеке қазандығы пайда болады

  • 339
  • UPD: 23:31, 27.06.2019

Шағын шаһарды 40 жылға жуық жылумен жергілікті ферроқорытпа зауыты қамтамасыз етіп келген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда тозып кеткен қазандық кез келген сәтте апатты жағдайда жұмысын тоқтатуы мүмкін. Күрделі мәселе 2017 жылы назарға алынды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа қазандықтың құрылысы басталды. Оны жыл соңына қарай іске қосу көзделіп отыр.

Қалалық қазандықтың құрылысына 11 миллиард теңге шамасында мемлекеттік қазынаның қаржысы жұмсалды. Нысанның қуаттылығы Ақсуды жылумен артығымен қамтамасыз етуге жетеді. Сала мамандары оның жылу сақтаудың ең озық технологияларын қолдану арқылы салынып жатқанын айтады. Экология мәселесі де назардан тыс қалмапты.

Владимир Колосов, жетекші инженер:

– Эмульгаторлар бүгінгі таңда экологиялық тазартудың ең озығы саналады. Зиянды газ қазанның түтін жолына түсіп, әрі қарай тамшыны ұстап қалатын эмульгаторларға өтеді. Барлық бөлшектер сонда қалады. Жиналған ыс ауаға таралмайды. Аталған эмульгаторлар 70 процентке дейін тазартуға лайықталған. Ауаға түтін мейлінше тазартылған күйінде тарайды.

Бүгінде қазандық құрылысы аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде алты жылу қазандығы орнатылыпты. Бұл аумаққа көмір тасымалдайтын жеке теміржол тармағы тартылады. Ал нысан қолданыстағы жылу магистральдарына қосылады.

Николай Пусько, учаске басшысы:

– Қуаттылығы 30 килокалория болатын барлық алты қазандық жасалды. Көмір сақтайтын қоймалар құрастырылды. Бүгінде бас корпустың құрылысы 85 процентке аяқталды. Көмір келетін таспалы конвейер жасалды. Көмір ұнтақталатын, су соратын нысандар салынды.

Алтынбек Аманқұлов, Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ақсу қаласы бүгінгі таңда сағатына  10 -110 гигакалория тұтынады. Жалпы қуаттылығы сағатына 180 гигакалориялық қазандық әсіресе жекеменшік құрылыс үшін қажет. Өйткені қаланың жекеменшік секторы жылуға қосылмаған. Бұл – қаланы толық орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету үшін жүріп жатқан құрылыс.

Күз айларында нысанды іске қосу жұмыстары басталады. Сынақтан өткізу жобаға сәйкес қыс бойы жалғаспақ. Ал келесі жылы Ақсу қаласын жылумен өзінің жеке қазандығы толық қамтамасыз етеді.   

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы