388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңыр ғарыш айлағын дамытудың жол картасы әзірленіп жатыр

  • 537
  • UPD: 21:43, 01.07.2019

Еліміз Байқоңыр ғарыш айлағын дамытудың жол картасын әзірлеп жатыр.

Құжат Қазақстанда қазан айында өтетін халықаралық ғарыш форумында таныстырылады. Бұл туралы жауапты министрлік өкілдері арнамыздың тілшілеріне берген сұхбатында мәлімдеді. Бұдан бөлек ғарыш саласында тағы қандай жобалар жүзеге асып жатыр? 

1994 жылдың 1 шілдесі. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күн. Алғаш рет, қазақтың көк туын, бір уыс топырағын және қасиетті Құран кітабын алып, қазақстандық ғарышкер ғарышқа аттанды. Бұл сәт күні кешегідей талайдың көз алдында әлі тұр. Олардың қатарында ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы Жерді қашықтықтан зондтау департаменті директорының орынбасары Раушан Ақназарова да бар. Сол кезде жас маман болған ол, тарихи күнді, тіпті тарихи сәтті әлі ұмытпапты.    

Раушан Ақназарова, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары:

- Ұшуға бір күн қалғанда Байқоңырда селдетіп жаңбыр жауды. Ал, ұшу күнінде күн өте ыстық болды. Талғат Аманкелдіұлынан бастап, бәріміз қатты толқыдық. Әуе кемесі көкке көтерілген сәт әлі есімде. Зымыран көк аспанды қақ жарып, барған сайын биіктеп бара жатыр. Бүкіл Байқоңыр қуанып, көз алмай қарап тұр. Ғалымдар мен зерттеуші мамандардың барлығы осында. Шынымен де жаһандық деңгейдегі ғаламат көрініс. Бұл өмір бойы есте жүретін оқиға болды.

Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Қазақстан алып ғарыштық державаға айналмаса да, саладағы жұмыс алға басты. Қазір елімізде 3 ғарыш жүйесі қолданылады. Қазсат-2 және Қазсат-3 жер серіктері ел аумағындағы телевизиялық және ұялы байланысты толығымен қамтамасыз етіп отыр. 600-ден астам нысан аталған жерсеріктер арқылы интернетке қосылды. Бұл көрсеткішті 2021 жылы 3 мыңға жеткізу жоспарда бар.

Марат Нұрғожин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

- Байқоңыр ғарыш айлағы мен оның болашағы өте маңызды. Қазір біз оны дамытудың жол картасын әзірлеп жатырмыз. Қазан айында ғарыш форумын өткіземіз. Жиынның басты тақырыбы да осы Байқоңырды дамыту мәселесі болмақ.  

Бұдан бөлек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл «Бәйтерек» және «Зенит М» ғарыш-зымыран кешендерін жетілдіріп, қайта жаңғырту. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері бірлесіп, Байқоңырдағы әйгілі «Гагарин ұшу алаңын» жаңартуды көздеп отыр.

Хабар 24 телеарнасы