389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Субұрқаққа шомылуға болмайды

  • 528
  • UPD: 15:18, 09.07.2019

Елордада алдағы оншақты күн ми қайнатар ыстық болады деген болжам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндайда қала халқы өзен жағалап, жанға сая жер іздейді. Ал балалардың көбі көшедегі субұрқақтарға түсуді әдетке айналдырған. Ал мамандар болса фонтандағы судың лас екенін айтып дабыл қағып отыр.

Баланың аты – бала. Салқын суда асыр салып жүр. Күннің ыстығында субұрқақтан сая іздегендер көп. Үлкендер жағынан тыйым болмағасын балалар еркін жүреді. Ата-аналардың көбі хауыздағы суға түсуді әбестік санамайды. Тазалық жағын ойлап жатқандар тіпті аз.

Көпшілік осылай ойлайды. Субұрқақтардың тазалығына жауапты жұмысшылар «бізді ешкім тыңдамайды» деп шарасыздық танытып отыр. Өздері судың бетін жиі тазалап тұрады. Жалпы, қалада 42 субұрқақ және 45 субұрқақ кешені бар. Ең алғашқысы өткен ғасырдың 70-жылдары салынған екен. Одан бері неше түрлісі салынды. Соңғылары жарық қондырғыларымен жабдықталып, өзгеше безендірілген. Тіпті, ән салатын субұрқақта бар. Күн ысығанда барлығы балалар шомылатын жерге айналады.

Юрий Стоянкин, жұмысшы:

– Субұрқақтарда шомылуға мүлде болмайды. Бірақ адамдар бала түгілі, иттерін жетектеп келеді. Бұл суға құстар қонады, кептерлер жүреді. Су лас. Оны түсініп жатқан ешкім жоқ. Айтсақ тыңдамайды. Санитарлық мамандар судың сынамасын алады. Құрамының лас екені талай рет дәлелденген.

Дәрігерлер де дәл осындай пікірде. Хауызда ұзақ тұрған суда зиянды заттар көбейеді. Сондықтан, әсіресе, балаларды сұрбұрқаққа жібермеу керектігін айтады.

Әсем Саудашова, дәрігер-аллерголог:

– Суда микробтар, инфекция, вирус және паразиттер бар. Балалар суға түскен кезде олар суды жұтып қоюлары мүмкін. Яғни лас су баланың ішіне кетеді. Салдарынан ішек аурулары болады. Одан бөлек, баланың терісіне зақым келіп, түрлі тері ауруларын жұқтыруы мүмкін.

Тазалық өз алдына, субұрқақ балалар үшін қауіпті жер. Аяғы тайып кетсе жарақат алуы мүмкін.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы