385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын жаңа автожол ашылды

  • 250
  • UPD: 16:45, 17.07.2019

Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шараға екі елдің премьер-министрлері Асқар Мамин мен Абдулла Әріпов қатысып, жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ұзындығы 80 шақырымды құрайтын көлік дәлізі Қазақстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуетінің артып, арадағы сауда айналымының өсуіне ықпал етпек. Асқар Мамин Маңғыстау облысына жасаған сапары аясында жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен мәдени, туристік нысандардың құрылысын аралап, аймақтағы жасыл экономиканың дамуымен танысты.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мына жол «Ташкент-Бейнеу-Атырау-Астраханьды» жалғайтын халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Автожол жаңартылған соң мұндағы орташа жол жүру жылдамдығы 50-ден 100 шақырымға артты. Енді бұл жолмен тәулігіне 7 мың көлікке дейін жүріп өтетін болады.

Жаңа жол – Орталық Азия елдері тауарларын Ресей мен Кавказға, одан әрі қарай Еуропаға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беретін ең қысқа жол. Сондай-ақ Құрық порты арқылы көлік транзитін ұлғайтуға ықпал етеді.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

- Осы жолдың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамуының және достықтың символы болып табылады. Оның негізін ҚРТұңғыш Президенті – Елбасы Нүрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миронович Мирзиеев қалаған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының сыртқы саясатын сабақтастық негізінде жалғастырып, Өзбекстанмен қарым-қатынастардың дамуына ерекше көңіл бөлуде. Осы ретте ағымдағы жылдың сәуір айында Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары екіжақты әріптестіктің дамуына қосымша серпін берді.

Жыл басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 20%-ке өсіп, 1 миллиард АҚШ долларына жеткен. «Бүгінгі ашылған жол бұл алыс-беріс пен барыс-келістің еселене түсуіне мүмкіндік береді», - дейді Өзбектан Премьер-министрі Абдулла Әріпов.

Абдулла Әріпов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:

- Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге шықты, нақты істермен толықтырылды. Қысқа мерзімде біз жоғары көрсеткіштерге жеттік, біріккен ірі жобаларды іске асыруға көштік. Біздің жетістігіміздің негізі мемлекет басшыларының бастауымен іске асып жатқан экономикалық мүмкіндіктерді тиімді қолдану және мәдени-гуманитарлы ортадағы үлкен әлеует, соның ішінде Өзбекстандағы Қазақтсан жылы аясындағы іс-шаралар екені сөзсіз. Жаңа жол екі дос мемлекетке ұзақ қызмет ететініне сенімдімін.

Үкімет басшысы аймаққа жасаған сапары аясында уран қалдықтары сақталған «Қошқар ата» улы көлін залалсыздандыру жобасымен танысты. Экологиялық қауіпті аймақты тұтастай жою үшін 17,6 миллиард теңге қажет. Сондай-ақ теңіз суын тұщытып отырған зауыт пен Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталығының құрылысын аралады. Биыл 80 жылдығы тойланатын заңғар жазушының орталығы келер жылы пайдалануға беріледі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

 

Хабар 24 телеарнасы