386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЛРТ құрылысын тоқтату керек – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі

  • 256
  • UPD: 18:53, 23.07.2019

Елордалық ЛРТ-ның құрылысын тоқтату қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің сарапшылары осындай бастама көтерді.

Олар инфрақұрылымдық жобаның тым қымбатқа түскенін алға тартып отыр. Оның үстіне құрылысты аяқтау үшін бір жарым миллиард доллар қажет. Ал сарапшылардың болжамы бойынша бұл сома әлі бірнеше жүздеген миллион қаржыға өсуі мүмін.

Бұл бағандардың өзіне қыруар қаржы жұмсалған. елордадағы құны қымбат «сақалды құрылыстардың» біріне бүгінде жұртшылық «ұсқынсыз ескерткіш», «тастауға қимайтын ескі чемодан» деп ат қойып, айдар тағып алған. Алайда басталған құрылысты аяқтауға тура келеді. Жетпегенін «Astana LRT» компаниясының ішкі облигациялар есебінен, яғни  бір жарым миллиард доллар қаржыны алуға тура келеді. Негізгі салмақ қазақстандық банктерге түседі.

Рахым Ошақбаев, «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

- Бұл құрылыс елордаға ғана емес, ел экономикасына да елеулі залалын тигізіп отыр. Себебі оған кеткен қаржыны сіз бен біз қайтарамыз деген сөз. Алайда құрылысты жалғастыру үшін қаржыландырудың бірқатар көзін қарастыруға болады. Мысалы, бірыңғай зейнетақы қоры бар. Себебі оның валюта айналымындағы активтері шашамен 25 процентке жетеді.

Көзін тауып қаржы табуға болады. Алайда оның қайтарымы ше, тура бір жарым миллиард емес, енді екі миллиард доллардан астам қаражат қайтару керек болады. Үстемақы мөлшері  бар дегендей. Ол шамамен 700 миллион долларды құрайды. Экономистердің есебі бойынша бас шаһар билігі инвесторға жыл сайын шамамен 100 миллиард теңге аударып отыруына тура келеді. Бұл бір қаланың қалтасы көтеретін қаражат емес екендігі әркімге аян. Жолаушылар ағыны жобада көрсетілгеннен әлдеқайда аз екені анықталғанша бұл жобаның өзін өзі ақтайтынына күмән көп. Үміттің қай тұста екенін сарапшылардың өздері де іздеп әуре.

Рүстем Жансейітов, экономист:

- Бір ғана сапаржай мен әуежай арасын осыншама жолаушының болуы мүмкін емес. Мысалға қосшыны алайық. Онда күніне 40-50 мың адам қатынауы мүмкін. Ал бұл бағыттағы жолаушылар қатарын қалай көбейтуге болады?

Сарапшылар атышулы құрылыстың қаржысын өте қымбат деп бағалады. Олар бұны Аддис-Абебедегі ұқсас құрылыспен салыстырып та көрді. Айтуларынша, осыдан 10 жыл бұрын салынған Эфиопия астанасындағы жеңіл релсті көліктің бюджеті біздегіден 4 есе арзанға түскен.

Рахым Ошақбаев, «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

- Бұл жобаның шикі тұстары көп. Оған қоса өте қымбат. Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, бұл құмға сіңген сумен тең. Себебі оған қажетті қаржының ақылға сыймайтындығын айтқым келеді. Астана лрт-ның бізге пайдасынан зияны көп.

Бір қызығы сол, Эфиопия астанасындағы құрылыс та, біздегідей қытайлық бірлестіктің көмегімен салынған. Алайда олардың өкілдіктері телефон қоңырауына да, жазған хатымызға да жауап қатпады.  Бірақ, мамандар, қазақстандық тараптың да салғырттығын алға тартты.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау кезінде құрылысшылар өндірушілерден баға ұсыныстары сұралады. Сондықтан менің ойымша, мұнда жауапкершіліктің көбіне жоба жасаған ұйымы өз мойнына алуы қажет. Бұған жауапты адамдар өзі жасаған ісіне нақты жауап берулері керек.

Құрылысқа қажетті қаржының бұлыңғыр тұстары жетерлік. Алда қытайлық транш 300 миллион долларды «Астана» банкінде сақтау туралы шешімді қабылдаған кім екенін анықтау  міндеті тұр. Бүгінде «Астана банкіндегі» қаржы бұғатталған.

Алтай Күлгінов, Нұр-сұлтан қаласының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аstana LRT жоба құны тым жоғары екенін, өзін-өзі ақтайтыны күмәнді екенін айтты. Қазір Үкіметпен бірге құрылыс құнын оңтайландыру бойынша жұмыстар істеп жатырмыз. «Астана» банкінің LRT құрылысы бойынша бұғатталған барлық қаражаты мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Әрине қаражатты қайтару керек. Себебі бұл қаржыны Қытай тарапына төлеу міндеті тағы бар. Алайда кей сарапшылар ел бюджетіне салмақ салған осы «болашағы күмәнді» құрылысты тоқтатқан абзал, деп отыр. Оған бөлінген қыруар қаржыны жол инфрақұрылымын дамытудың тиімді жобаларына арнаған жөн, деседі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Андрей Деменюк, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы