385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы бірнеше ауыл тұрғындары таза ауыз суға жарымай отыр

  • 180
  • UPD: 23:02, 24.07.2019

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Еңбекші, Қызылдала, Шанақ, Ақжар елді мекендерінде апталап ауыз су жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шіліңгір шілденің аптап ыстығында таза ауыз су іздеп қаталаған халық қазір мал суғаруға арналған құдықтардағы тіршілік нәрін пайдалануға мәжбүр.

Судың неліктен тұрғындарға жетпей жатқандығының бір себебі, мал баққан қойшылар жолай ауылға баратын үлкен құбырды өздеріне бұрып алған. «Жұрт таза су таппай қиналса, ал мыңғырған мал баққандар оны рәсуә етуде», - дейді тұрғындар.

Айзада Асқарова Еңбекші елді мекенің тұрғыны. Шөлді ауылда бұрыннан күн кешіп келеді. «Судың да сұрауы барын» жақсы білетін апамыз ауыз судың бір тамшысын да босқа төкпейміз дейді. «Негізінен тіршілік нәрі жаз басталса болды, ауылға келмей қалады» - дейді ол.

Айзада Асқарова, Еңбекші ауылының тұрғыны:

Суға жарымаймыз. Су жоқ. Малды болса да, бұл жерден суғармаймыз. Құдық бар, анда жаман арық бар, сол жерден ішкіземіз. Бұған жоламаймыз. Қасықтап жинап аламыз. Бөтелкелерге дейін құйып аламыз. Сол апталап жоқ болып кетеді кейде.

Еңбекшідегі таза ауыз судың мәселесі өткен жылы дәл осы шілде де қылаң берген. Мұнда 200-ден аса түтін бар. Халқы 1500 мыңнан асып жығылады. Ауылға 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза ауыз су тартылған болатын. Бірақ та бұл қуаныш ұзаққа созыла қоймады.

Мүсілім Есмамбетов, Еңбекші ауылының биі:

- Осы жағдайдың қайталынып отырғанына 10 шақты күннің көлемі болып отыр. Оның алдында 3 күнде бір су беріп тұратын. Енді сол графикпен беріп жатыр суды. Мүмкіншілік болса, ауыз суды көп тұтынуға байланысты суды үзбесе жақсы болар еді.

Нұрбек Байбосын, тілші:

-Шіліңгір шілденің аптап ыстығында халық таза ауыз судың тапшылығын көріп отыр. Ал жол бойындағы мынадай мыңғырған мал бағатын қоралар ауылға баратын үлкен құбырдан суды ұрлап ішіп отыр. «Бірақ мұның заңдылығын тексеріп жатқан ешкім жоқ», - дейді жұртшылық.

Біз көзбен көрген Қазығұрт асуындағы бірнеше мал қора маңындағы Шанақ ауылына баратын құбырдың бүйірі тесіліп, су тікелей малшыларға бағытталыпты. Негізінен мұндай қораларға мемлекет есебінен артизан құдығы қазылып берілген. Алайда оны қосу жарыққа деген шығынды ұлғайтатын көрінеді. Ал оңай олжамен бұрып алған су тегін. Дегенмен, мұның зардабын халық тартып отыр.

Тұрғындардың айтуынша мұнда да таза ауыз судың келмегеніне айға жуықтаған. Қазір халық тіршілік нәрін құдықтан алып ішуде. «Судың сапасы туралы сөз қозғау қиын», - дейді қызылдалалықтар.

Гүлнәр Шалбаева, Қызылдала ауылының тұрғыны:

- Малмен бірдей ішеміз. Апарамыз. Тынығанда бұл қайбір тыниды. Тамаққа да бәрі осы. Мысалы ауылда қазір іш ауруы жүріп жатыр. Инфекция жұқтырып, барлық балалардың іші өтіп жатыр. Осы суды ішеді. Қашанғы оларға қайнатып беріп отырасың. Ойнап жүріп ішіп қояды. Неше уақыттан бері су жоқ? 1-1,5 айдан асып кетті.

Аудандағы тұрғындар тұтынатын суға жауапты мемлекеттік мекеме «Таза су» қазір ауылдарға не себепті судың келмеуін анықтауға көшкен. «Су мүлдем жоқ деуге болмайды, құбырда бар. Ауылдарға таратылатын тіршілік нәрі бұлақ көзінен алынатын болғандықтан, судың жетіспеушілігі шілдеде орын алатындығы рас. Ал суды тәулік бойы беру үшін ұңғыма қазылу қажет. Сонда мәселе болмайды», - дейді мамандар.

Сейітқали Сапарәлиев, Қазығұрт аудандық «Таза су» КММ директоры:

- Егер де ұңғыма болса, мүмкіндік болатын еді. Біз қазір бұлақ көзінен шыққан суды бөліп бере аламыз. Ұңғымаға ұсыныс берілді.

Ауыз судың мәселесінен хабардар болған аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, қысқа мерзімде су тапшылығының себеп-салдары толық анықталып, таза су қаталаған халыққа жетеді деп сендірді.

Төлеген Телғараев, Қазығұрт ауданының әкімі:

- Сол ауылдың тұрғындарымен кездесіп жолықтық. Осы мәселені көтеріп, келесідей шешімге келдік. Бүгіннен бастап сонда жұмысшы топ жұмыс істеп жатыр. Сол ауылға баратын су құбырына өздігінше қосылып кеткен абоненттер болатын болса, соларды бірінші кезекте өшіреміз. Ол жерде 8 қора бар екен. Қора иелерінің әрқайсымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезекте біз тұрғындарға қажетті сапалы ауыз суды қамтамасыз ету керекпіз. Одан кейін ғана қораларға лимит бойынша беретін боламыз. Қысқа мерзімде аталған елді мекендерге ауыз суды беруді бастаймыз.

Биыл Қазығұрт ауданының 8 елді мекеніне таза ауыз беріледі. Сонымен қатар тағы 8 елді мекеннің су жүйлеріне қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жеңімпаздар анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Ал жалпы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер «аудан бойынша 64 елді мекеннің 17-інде әлі де су тапшы» дейді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы