386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында су тапшылығынан егін қурап жатыр

  • 139
  • UPD: 22:32, 24.07.2019

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары егін судан тарығып отыр.

Жерден нәсібін тауып жүрген диқандар «биыл шығынға батататын түріміз бар» деп алаңдайды.

Сумен қамтамасыз ететін мекеме басшылығы болса «каналдар ескірген» дейді.

Ұлан Нарынбек, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Дегбірі қашқан диқандар біздің түсіру тобымызды су бөлетін тораптан күтіп алды. Жиналысқа Қазтай Ұлтарақов, Хусайын Бижанов, Байсейіт, Сөгеті және Нұрлы ауылының тұрғындары келді. Жұрт «еңбегіміз еш кететін болды» дейді. Мысалы, Дидар Ханжазов 16 гектар жүгерінің 5 гектары күйіп кеткенін айтты.

Дидар Ханжазов, Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны:

Биыл ғана емес бұл. Жыл сайын осындай. Науқан кезінде өстіп елдің бәрін қинап, біресе тазарту, біресе «канал бұзылды» дейді. Неге бұлар соның бәрін кезінде уақытымен тазаламайды. Ерте көктемде, күзде неге тазалап жөндемейді? Ақшаны не үшін алып отыр бұлар?

Дидардың бұлар деп отырғаны Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы. Әр диқан осы мекемемен келісімшартқа отырған. «Суға ешқандай қарызымыз жоқ», дейді. 250 гектар жерге соя еккен Қуандық Сәрсенбі де жағдайының мәз емес екенін айтады.

Қуандық Сәрсенбі, Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны:

- Шілде аяқталайын деді, ал егін әлі бір рет ре суғарылған жоқ. Жарты соямызды алып қалдық. Жарты соясы күйіп кетті. Бұның шығынын кім өтейді?

Су тапшылығынан алма, өрік секілді жеміс ағаштары да қурап жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Мына бақ - қараөрік бағы. Бақ иесінің айтуынша, жылына әдетте 20-30 тонна өнім алады екен. Ал, биыл су тапшылығының кесірінен ондай өнім алуға ешқандай шама жоқ. Тіпті қараөрік мезгіліне жетпей солып, бүрісіп, мынандай болып, жерге түсіп қалған.

Фермерлердің айтуынша, шілденің басында бірнеше күн мүлдем су болмай қалған. Жауапты компания оның себебі – «арна жиегі опырылды және полицейлер каналдан бірнеше күн адам мәйітін іздеді», деп түсіндірді. «Ал, тіршілік нәрінің егістікке толық мөлшерде жетпеуі суару жүйесінің ескіруінен», - дейді жауапты мекеме өкілдері.

Орынтай Байтұрсынов, Д Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры:

- Кеңес үкіметі ыдырағаннан бастап механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Ал мен қазір келіп, алты экскаватор алыпғ осылардың бәрін тазалапғ орнына қойып жатырмын. Су жеткілікті болады. Қазір мысалы Ассинский деген каналға 3 куб су қойсаңыз, аяқ жағына 200 литрдей су жетпейді. Себебі толып қалған.

Шаруалар бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, шығын көлемін анықтауды талап етіп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы