386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнайлы ауданының халқы дәрігерлердің қабылдауына онлайн жазылады

  • 146
  • UPD: 10:31, 25.07.2019

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының халқы дәрігерлердің қабылдауына онлайн жазылады. Мұндағы емдеу мекемелері құжат айналымын жаппай цифрлық үлгіде жүргізуге көшкен.

Сәйкесінше емхана дәлізінде күн ұзақ кезекте тұратын адамның қарасы азайды. Ауылдықтар дәрігер іздеп, Ақтауға бару машақатынан да арылған. Бұған медициналық кешендерде озық үлгідегі құрал-жабдықтардың пайда болуы себеп. 

Бұл медицина орталығы былтыр Басқұдық елді мекенінде қолданысқа берілді. Жеке кәсіпкер ашқан емдеу мекемесі жаңа технологиялармен жарақтанған. Бұған дейін ауылдықтар басы ауырып, балтыры сыздаса қалаға сабылып келді. Қазір дәрігердің қабылдауына онлайн жазылып, өзіне қажетті емдік шарасын алып жатыр. 

Жұлдыз Шаштауова, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Қазір жақсы. Телефонмен тіркеліп, кезексіз записьпен келеміз. Бұрын очередтен кіре алмай кететін едік. Бұл жерде уақытың үнемдеулі, тек өзің қалаған кезде келесің. Қызымды қарады, бәрі де жақсы.

Басқұдық ауылдық округінде 33 мыңнан астам халық тұрады. 17 мыңға жуығы осы медициналық орталықта тіркеуде тұр. Осыншама тұрғынға сапалы қызмет көрсету үшін былтыр аймақтық жоба арқылы 21 млн теңгеге жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазір мұнда тоғыз жалпы тәжірибелік дәрігер жұмыс істейді. Әрқайсысы науқасты белгіленген уақытта қабылдайды.

Айларбек Шыршықбаев, медициналық орталықтың басшысы:

- Халыққа біз медициналық көмекті жақындатып отырмыз. Бұл жерде қазір лор дәрігерлер, гинеколог, хирург дәрігерлер жұмыс істейді. Бұл мамандар бұрын Басқұдықта болған жоқ. Халық медициналық қызмет іздеп, қалаға жүгіретін еді. Болмаған жағдайда осы жерде 10 км Маңғыстау селосындағы орталық емханаға баратын еді.

Маңғыстау ауылындағы 65 орындық емхана дәлізі түстен соң босап қалады. Ауыл тұрғындары күн ысығанша емін қабылдап, болмаса өзіне ыңғайлы уақытқа жазылып кетеді екен. Яғни 260 мыңнан астам халық қоныстанған аудандағы емхана дәрігерлері әр науқас үшін кешенді қабылдау жүргізеді. 

Жанар Досжанов, Мұнайлы аудандық емхана директорының орынбасары:

- Жалпы Мұнайлы аудандық ауруханасының құрамында 65 төсек-орындық стационар жұмыс жасауда. Оның ішінде 15-і балаларға арналған, 25-і ересектерге арналған. Тағы 25-і хирургия бөлімшесі. 2018 жылы 30 шақты дәрігер келді. Осы жылы бізге 7 дәрігер келді. Резидентура бітіріп келген екі дәрігер келу керек және травматолог дәрігерді күтудеміз.

Аудандық емханада 145 дәрігер жұмыс істейді. Олар кешенді медициналық ақпараттар жүйесі арқылы адам қабылдаудан бөлек, үйге шақыртуды да онлайн қабылдауға көшкен. Айта кетейік, Мұнайлыдағы орталық емдеу мекемесінде науқастың амбулаториялық картасы тек электронды түрде рәсімделеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы