386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алмалы ауданының тұрғындары мен ПИК арасындағы жанжалға қашан нүкте қойылады?

  • 151
  • UPD: 19:15, 27.07.2019

Алматыдағы Алмалы ауданының тұрғындары мен пәтер иелері кооперативі арасында дау туды.

«Қабырғалары көгеріп, жертөлесі суға, ал іші бүргеге толған үйде бұдан әрі тұру мүмкін емес», - дейді тұрғындар. Олар баспаналарына жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етсе, пәтер иелері кооперативі тұрғындардың көбі коммуналдық қызметке қарыз екенін алға тартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алуа Маханбет, тілші:

- Алмалы ауданы Брусиловский көшесіндегі №64 үйдің салынғанына 40 жылдан асқан. Ескірген құбырлардан жылу өтпейді. «Қыстың күні үйде қалың киіммен жүреміз», дейді тұрғындар. Ал, кіреберіс тіпті қауіпті.

Дариға Қатпина, қала тұрғыны:

- Міне, бәрі салбырап тұр. Түскен сайын менің аяғым ауырады. Түскен сайын қиналып, міне, мына жерде шегелер шығып тұр. Ешкім ешнәрсе жасамайды. Ана төбеден аққан судың орны әлі тұр.

«Жаңбыр жауса төбеден аққан су бірінші қабатқа дейін жетеді. Оны өзіміз жөндеп әлекпіз. Мына ашық тұрған сымдардың жайын айтудан шаршадық», - дейді олар.

Самал Бердәлиева, қала тұрғыны:

- Электр сымдары, барлығы салбырап тұр. Ешқандай көмек жоқ. Бес балам бар, бесіншісі алты айлық. Алты айлық балама түнде жатарда құлағына мақта салып қоямын. Өйткені толған қоңыз, бит, маса,барлығы кіреді.

«Терезені ашу мүмкін емес. Шыбын-шіркей қаптап жүр. Өйткені қоқыс тастайтын орын тура терезенің түбінде. Ал жертөленің жайы мынау. Құбырлардан су кетіп жатыр. Қабырғалар көгерген. Іші қоқысқа толы», - деп шағымданады тұрғындар.

Лилия Байғозина, қала тұрғыны:

- Міне, қараңыздаршы. Бұл ешқандай тазалық талаптарына сай келмейді. Құбырлардың беті ашық. Іші толған құрт-құмырсқа.

Алуа Маханбет, тілші:

-«Пәтер иелері кооперативі алдында біздің еш қарызымыз жоқ деген», 1-кіреберіс тұрғындары бұл мәселені көтеріп, қалалық әкімшілік, прокуратура, санитарлық эпидемиологиялық станцияға дейін шағымданған. Ал олар бұл пәтер иелері кооперативі атқаратын жұмыс, деп жауап қайтарған. Біз мән-жайды «Алатау» пәтер иелері кооперативінің төрайымынан сұрадық.

Лилия Радченко, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

Үйдің жалпы қарызы жарты миллионнан асады. Яғни, біз бір кіреберісті қарастырмаймыз. Жалпы үйдің шығынын есептейміз. Егер басқа да кіреберістің тұрғындары қарыздарын өтейтін болса, үйге жөндеу жұмыстарын жасауға болады. Ал, өтемесе, басқалары осылай күтеді.

Демек, біреулердің жауапсыздығынан өзгелер жапа шегіп отыр. Бірнеше мекеменің есігін қағып, тауы шағылған тұрғындар «енді сотқа шағым түсіруден басқа амал жоқ» деп отыр.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы