386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алып, кәсіп ашқандар көп

  • 167
  • UPD: 10:53, 02.08.2019

Түркістан облысында 419 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни бүгінге дейін 71 мыңнан астам отбасыға 56 млрд теңгеден астам қаржы берілген. Осындай көмек алып, тіршілігін түзеп отырған жанның бірі – түркістандық Баян Ратаева. Көп балалы ана мемлекет тарапынан берілген қаржыға 80 тауық пен екі сиыр сатып алған.

39 жастағы Баян Ратаева – бес баланың анасы. Жолдасы екеуі де жұмыссыз. Мектеп жасындағы үш баласына 21 мың теңгеден жәрдемақы алады. «Әр балаға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы болмағанда күн көрудің өзі қиынға соғар еді»,-дейді көп балалы ана. Ай сайынғы балалардың жәрдемақысын жинап, оған 80 тауық пен екі сиыр сатып алған. Енді соның жұмыртқасы мен сүт сатып, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Баян Ратаева, қала тұрғыны:

– Осы 80 тауықтың 40-ы туады. Соны базарға апарып сатамыз. Балаларға қажетті заттарын әкеліп беремін. Сиырымыз бар, одан балалар айран-сүт ішеді. Балаларымыз мәз, құрт жасап беріп жатырмыз. Мемлекет жағдаймызды көтеріп, көп балалы аналарды ойлап жатыр. Арасында бала-шағамызды киіндіріп те жатырмыз. Жоқ нәрсесін әперіп те жатырмыз.

Биыл Түркістан облысында 283 мың адамға 40 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беру көзделген. Мемлекеттен қайтарымсыз қаржылай көмек алған 4800 отбасы кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін ашқан. Оның 1800 көп балалы отбасы.

Айжан Беркінбаева, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– 3,2 мың отбасыға биыл 115 млрд теңгенің қосымша көмегі көрсетілді. Оның ішінде 113 млрд-ы киім-кешек ретінде, коммуналдық шығындарды өтеу, азық-түлік ретінде көрсетілді. Қосымша көмектердің ішінде 112 аз қамтылған отбасылардың ішінде көп балалысына 18 тұрғын үй демеушілер есебінен берілді.

Жалпы облыста 86 мыңнан астам көп балалы жанұя бар. Бұл республикалық көрсеткіштің 25 пайызын құрайды. Сала мамандары әлі де атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып жатқан отбасылардың көп екендігін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы