386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтаннан 35 отбасы Екібастұзға қоныс аударды

  • 160
  • UPD: 23:51, 02.08.2019

Елге ел қосылса құт. Павлодар облысына «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша 35 отбасы көшіп барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға Екібастұз қаласында жаңадан салынған үйден 3 бөлмелі пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Сәуір айынан басталған көш жалғасын тауып жатыр. Осы уақыт аралығында кеншілер шаһарының халқы 840 адамға өсті. Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс болғанымен, баспанадан қиындық көріп келген үш және одан да көп бала тәрбиелеп отырған шаңырақ иелерінің қуанышында шек жоқ. Жалға берілетін баспанада олар бір жыл бойы тегін тұрады. Бұл жұмысқа орналасып, жаңа жерге бой үйретулері үшін берілетін уақыт. Келесі жылдан бастап үш бөлмелі пәтерге 12 мың теңгеден төлейтін болады. Бес жылдан кейін жекешелендіру құқығына ие болады. Бағдарлама шарттары тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Барлық балаларды балабақшамен қамту көзделген. «Мектепке жол» акциясы бойынша әлеуметтік көмектер демеушілер тарапынан да көрсетіледі. Бүгін 35 отбасымен 124 бала келді. Облыс әкімі Болат Бақауов бірде-бір отбасы назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Өндірісті өлкеде жұмыс та жеткілікті. Қоныс аударған отбастарының арасында дәрігер, ұстаз, орта буын медицина мамандары, құқық қорғау саласының қызметкерлері, құрылысшылар бар. Қалдыбаевтар отбасы Нұр-Сұлтан қаласына 4 жыл бұрын Қызылорда облысынан қоныс аударған екен. Көптен күткен баспаналары Екібастұздан бұйырып отыр.

Әйгерім Қалдыбаева, көп балалы ана:

- Осы уақытқа дейін пәтерден пәтерге көшіп шаршадық. Әрине, 6 баламен анда барамыз, мында барамыз. Біз көп балалы деп шаршатты бәрі, алмайды пәтерге. Осы бағдарламаға іліндік, қуаныштымыз. 3 бөлмелі үйлі боламыз деп түсімізге кірмеді. Аллаға шүкір, бала-шағамыздың несібесі шығар.

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:

- Енді әлеуметтік жағынан біз барлық жағдайды жасаймыз. Балабақшадан бастап, мектептен бастап, жұмыс орны бар. Облыс бойынша бізде 25 мың вакансия бар. Оның ішінде 10 мың вакансия тұрақты жұмыс. Сондықтан енді әр адамнан сұрасақ, әр отбасынан сұрасақ, әлі таңдап жатырмыз дейді. 103 отбасынан 57 адам жұмысқа орналасты.

Хабар 24 телеарнасы