386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы аманқарағайлық оқушылар апатты мектепте оқуға мәжбүр

  • 145
  • UPD: 08:41, 05.08.2019

Қостанай облысында биыл үш жаңа мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі білім ордасы облыс орталығында бой көтерсе, бірі Әулиекөл ауданында салынып жатыр.

Аманқарағай ауылындағы қазақ мектебінің ғимараты 60 жыл бұрын тұрғызылған. Оқу ордасы тек 2017 жылы апатты деп танылыпты. Кәріз бен жылу жүйелерінің тозығы жеткен. Оқушылар мен мұғалімдерді есептегенде 300-дей адам үшін жалғыз дәретхана істеп тұр.

Ғалымжан Ерішев, Аманқарағай ауылы №2 орта мектебінің директоры:

– Терезелері дұрыс жабылмаған. Жөндеу жұмыстары қажет. Сол себептен салқындау болды. Жылу құбырларына жөндеу қажет. Мұнда кейін су мәселесі шешілмей тұр.

Оқушылар осында білім алу үшін күнде бастарын қатерге тігіп келді. Биыл қыста спортзалдың төбесі опырылып түскен. Абырой болғанда, оқыс жағдай каникулмен тұспа-тұс келді. Әйтпесе, оның немен аяқталары белгісіз.

Айнұр Королева, ата-ана:

– Қызым осында бесінші сыныпта оқиды. Әрине, басқа мектепке ауыстырғымыз келеді. Бірақ күнделікті аудан орталығына қатынап жүретін жағдай жоқ. Енді еріксіз апатты мектепте оқуын жалғастыра бермек.

Апатты мектептің орнына жаңасы тұрғызылып жатыр. 320 орындық білім ордасының табалдырығын ауыл оқушылары келесі жылы аттайды. Жобаның құрылысы 8 айға созылады.

Данияр Сұлтан, тілші:

– Мектептің құрылыс жұмыстары басталғанына тура бір ай өтті. Қазір іргетасы қаланып жатыр. Күзде құрылысшылар ғимаратын тұрғызса, ал қыста ішкі әрлеу жұмыстарына кіріспек. Жалпы саны білім ордасында 23 заманауи сынып орналасады.

Жаңа нысанның құны 1 млрд теңгеден асады. Қаражатқа жылу қазандығы да салынады. Келешекте білім мекемесі үлгілі мектептердің біріне айналуды көздейді.   

Әділбек Нұрханов, Әулиекөл ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

– Үлкен спортзал болады. 36х18 метр көлемінде. Мұғалімдер, директор кабинеттері, әкімшілік кабинеттер осы жоба бойынша болады. Сырты абаттандырылады. Ағаштар егіледі. Спорт алаңдар салынады.

Аманқарағай ауылынан бөлек, бүгінде облыстағы Аманкелді және Қарасу аудандарының мектеп ғимараттары апатты жағдайда. Елді мекендерде жаңа нысан қашан салынатыны белгісіз. Жалпы аймақтағы 20 білім ордасы күрделі жөндеуге мұқтаж.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы