386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мектепке дайындық: Шымкенттік көп балалы отбасыларға көмек көрсетіліп жатыр

  • 176
  • UPD: 20:25, 09.08.2019

Шымкентте көп балалы және аз қамтылған отбасыларға балаларын мектепке дайындау үшін көмек көрсетіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті бюджеттен 101 мың теңге көлемінде бір реттік қолдау қаржы бөлініп отыр.

Ол табысы әр жанұя мүшесіне шаққанда, 5 мың теңгеден аспайтын отбасыларға беріледі.

Биыл көп балалы Көкішевтердің отбасында 3 бала мектепке барады. Өздерінің жеке баспанасы жоқ. Бөлме жалдап тұрғандықтан, табысының көбі соған кетеді. Отағасы да уақытша жұмысқа жарамсыз. Барлық күш зайыбы – Раушанның иығына түсті. Бірақ мемлекет көп балалы отбасын қамқорлыққа алып, қолдау білдірді.

Раушан Көкішева, көп балалы ана:

– Қолдау қаржы қолға тиісімен, бірден балаларымды мектепке дайындаймын. Қажетті құрал жабдықтарын сатып әперемін. Бірақ қазір білсіздер бәрі қымбат. Мектеп формасын айтпағанның өзінде. 

Қалалық мәслихаттың шешімімен балаларды жаңа оқу жылына дайындау үшін әр мұқтаж отбасына 101 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Негізгі талап, ата-аналардың табысы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 5 мың теңгеден аспауы тиіс.

Ұлдана Бекбау, ардагерлер мен зейнеткерлер және аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:

– Барлығы ондай отбасылар жоқ деп ойлайды, бірақ бар. Одан да мұқтаж жандарға көмектес. Бұл негізінен жалғызбасты аналар мен дәрігердің көмегіне зәру және асыраушысы уақытша еңбекке жарамыз отбасыларға арналған.

Бір айдың ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөліміне көмекке мұқтаж 1367 отбасынан өтініш түскен. Арасында ақша алу үшін табысын жасырғандар да кездеседі. Бірақ қазір шынымен көмекке зәру жандарға қаржы беріліп жатыр.

Зүбайра Күшембаева, көп балалы ана:

– Мен қазір жұмыс істемеймін. Жүктілік демалысындағы көп балалы анамын. Әрине, қиын. Бірақ қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Көмекке мұқтаж ата-аналар бір баланың өзін мектепке дайындаудың оңай еместігін айтады. Ал 3-4 баласы барларға тіпті қиын. «Әкімшіліктің көмегі дәл уақытында көрсетілген қолдау болды», - дейді олар. Сондай-ақ қазір аз қамтылған және көп балалы отбасылар әр балаға төленетін 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке де жүгіне алады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы