387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы мектептер дрон бағдарламаларын жасайтын операторлар дайындайды

  • 118
  • UPD: 22:10, 27.08.2019

Өскеменде физика-математикалық бағыттағы жаңа мектеп, ал Семейде инновациялық мекеме ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар тілдік пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесіне басымдылық берілмек. Білім саласындағы соңғы бастамалар бүгін облыстық тамыз мәслихатында мәлім болды. Жиын барысында үздік ұстаздар марапатталып, 10 мұғалімге пәтер кілті табысталды.

Шығыс Қазақстан білім беру саласында ел бойынша үздіктердің қатарынан түспей келеді. Өлкеде алғаш болып үш тілділік жүйесі енгізіліп, тұңғыш рет рет барлық мектептер жаппай IT- сыныптармен жабдықталды. Енді осы қолда бар мүмкіндікті әрі қарай жетілдіру қажет. Мәселен, әзірге ағылшын тілі пәнінен тек 34 мұғалім ғана жоғары деңгейді меңгерген. Енді бұл көрсеткішті еселей арттыру межесі тұр.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

– Осы деңгейді біз көтеруіміз керек. Екі емес, 3 емес, 10 есе көбейтуіміз керек, ол – үлкен сапаның белгісі.

Аймақтағы білім ордаларында ғылымға ден қоюға негіз бар. Мектептер IT сыныптармен жабдықталған, ал педагогтардың білімі жоғары. Мысалы, қаладағы №25 арнайы лицейде балалар ұшқышсыз ұшақтарды басқаруға арналған бағдарламаларды игеруде.

Сергей Прищепчик, №25 арнайы мектеп-лицейдің информатика мұғалімі:

– Дронға арналған бағдарлама жаңартылған білім беру шеңберінде жасалуда. Ол скретч және питон. Оны тіпті ағылшын тілінде пәрмен беріп басқаруға да болады. Қысқасы үш тілділік ол жерде де қарастырылды.

Тамыз басқосуында түйткілді мәселелер де қозғалды. Облыста 100-ге жуық мұғалім жетіспейді. Мұның бір шешімі - ұстаздарды баспанамен қамту. Конференция барысында дәл осы бастама жалғасын тауып, 10 мұғалімге пәтер кілті табысталды. Арасында тіпті білім саласында 40 жыл еңбек етіп,15 жылға жуық кезекте тұрғандар да бар.

Бұлбұл Бекешқызы, мұғалім:

– Қуанышымда шек болған жоқ, бұл деген Үкімет тарапынан жасалған жақсылық деп білемін. Әркім де баспаналы болғысы келеді. Сол баспана мен үшін, менің балаларым үшін жылы ұя.

Жиын соңында үздік мұғалімдер марапатталды. Ал Самар ауылының мектебі мен Семейдің электротехникалық колледжі үздік оқу орны деп танылып, әрқайсысы 34 миллион теңгенің грантын иеленді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, АсланТөлепов

Хабар 24 телеарнасы