387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық түлектердің шет ел асуы 3 есе азайған

  • 171
  • UPD: 09:32, 01.09.2019

Шығыс Қазақстанда жергілікті студенттердің шет елдік оқу орнын таңдау көрсеткіші азайды.

Егер осыдан 3 жыл бұрын аймақтан 2 мың абитурент шет елге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 3 есе қысқарған. Мұндай өзгеріске облыстағы білім беру гранттарын арттыру бағдарламасы ерекше ықпал етіп отыр.

Статистика бойынша 2022 жылға қарай өлкедегі ірілі-ұсақты кәсіпорындарға жалпы 1300 маман қажет болады. Мектеп бітірген түлектер шет елдік оқу орнын жөн санап, соңында сол жақта қалып жатса, бұл қажеттіліктің үдесінен шығу екіталай. Соңғы 3 жыл көлемін алғанда 3 мыңнан астам түлек шет елге білім алуға аттанған.

Айгүл Байжанова, білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

– Түлектердің шет елге ең көп ағылған жылы 2016 жыл болды. Ол кезде 1800 түлек шет елге оқуға кетіп қалды. Одан кейін бұл көрсеткіш ақырындап азая бастады. Бұған жергілікті бюджеттен бөлінген білім гранттарының әсері болды.

Осылайша 2017 жылдан бері кадр тапшылығын шешуге бағытталған білім гранттары  бөлу бағдарламасы басталды. Бұл бастама өзін-өзі ақтап та жатыр.Өйткені мемлекеттік қолдаудың бүгінгі нәтижелері жаман емес.

Дамир Әлкенов, студент:

– Мен білім грантын жеңіп алдым. Әрине оқу орны ретінде де өз туған жерімді таңдадым. Өйткені өз елімде білім алып, кәсіби маман болсам деймін.

Өлкедегі белді оқу орындарының ұстаздары да, бүгінгі күні білім беру саласының жетіліп келе жатқанына куәміз дейді. Өйткені өңірде түрлі саланы меңгеруге мүмкіндіктер бар.

Тамара Сегеда, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

– Бұрын кейбір нақты саланы қалаған түлектер шет елдегі жоғарғы оқу орындарын таңдап кететін еді. Ал қазір біз нағыз заман сұранысына ие бағыттарды, талаптан шығатын мамандық түрлерін игеруді ұсынудамыз.

Облыста білім алып жатқан студенттерді әлеуметтік қолдау жағы да оң жолға қойылды. Алдағы 5 жылда аймақта 11 студенттік жатақхана ашылмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы