387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жауын-шашын салдарынан астықтың далада қалу қаупі бар

  • 164
  • UPD: 21:54, 13.09.2019

Ақмола облысында астықтың далада қалтын түрі бар. Себебі, аймақта екі аптадан бері жауын толастар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дамир Берікұлы, тілші:

- Күннің көзі кейде 3-4 сағат жылығанмен, кейін қайта түнереді. Айталық, соңғы он күнде өңірде жауын-шашынның екі айлық мөлшері түскен. «Ал жер езілген соң егінді ормақ түгілі, комбайндарды маңайлатудың өзі мұң болып тұр», - дейді, диқандар.

Егістік алқаптары қазір шылқыған су. Маңайына ауыр техникаларды қойып, жеңіл көліктің өзімен жету қиын.

Бірақ астықтың сапасын көру мақсатында егін даласына жақын баруға барынша тырысып бақтық. Ақырында жол да таптық. Айта кетейін, жалпы аймақтағы егістік алқаптарының қазір төрттен бірі ғана жиналған.

Өңірде қазір осындай орақ салынбаған егістік алқаптары өте көп. Мәселен, мына 400 гектар бидайдың әлі күнге дейін бірде-бір жері түртілмеген. Бірақ пісіп, дайын тұр. «Өнімділігі де өте жоғары», - дейді мамандар. Гектарына 25 центнерге дейін өнім алмақшы. Алайда, бүгін ғана тоқтаған жауын, ертең қайта жауатын болса, бұның сапасы мен өнімділігіне кері әсер етуі мүмкін.

Қазір егіншілердің бар уайымы осы. Жасы 70-ке таяған тәжірибелі агроном Яков Савченко биыл осымен 47-рет егін орағына атсалысып отыр. «Бірақ осы жылғы науқан оңай болмай тұр», - дейді ол. Әсіресе, жауын жаумай тұрып, егінді жығып тастағандарға қиын болды. Себебі, астық жерде жатып шіріп барады.

Енді мұндай астық жарамсыз болып қалмақ. Ал, аймақта ондай 30 мың гектардан астам алқап бар. Тәжірибелі маманның айтуынша, сабағында тұрған бидайдың өзі қазір бүліне бастаған. Әсіресе, ерте себілгендер қарайып жатыр. «Ал кеш егілгендері әлі де шамалы шыдайды», - дейді, білікті агроном.

Яков Савченко, агрофирманың директоры:

Біз қазір екі алқаптың шекарасында тұрмыз. Анықтап қарасаңыз, сол жағымдағы арпа қарайып барады. Ал, оң жақтағы әлі сары түсін сақтап тұр. Екеуінің арасы 5-6 күн ғана. Сонда да айырмашылық бар. Сабағы қарайған арпада енді біраз шығын болады. Ал, кеш себілгенін жақын арада аман-есен жинап алсақ, соның өзі олжа.

Ал, жауында қалған бидай, әбден су сіңіріп, алдымен ісінеді, кейіннен өз бойынан бүршік атып, сапасы бұзылады. Сосын мұндай бүлінген астықты алушылар да азаяды. «Себебі қатты бүлінсе, тек жемге ғана жарауы мүмкін. Енді оның бәрі ауа райына байланысты», - дейді, мамандар.

Ержан Бектұров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

- Біз қазірдің өзінде 1 млн тонна астық жинап алдық. Бұйырса, күн райы бір 20 күндей қолайлы болып тұрса, егістік алқаптарының бәрін орып алуға болады. Ал, сапасы жайлы әңгіме айтуға әлі ерте. Себебі, астық әлі қоймаларға жете қойған жоқ. Өйткені біз сапаны солардан білеміз.

Су сіңген бидайды кептіру үшін енді облыстық әкімдік Үкіметтен қосымша 30 мың тонна жанармай сұратып отыр. «Ал, аймақтағы 69 астық сақтау қоймасы өнімді қабылдауға дайын тұр», - дейді, жауаптылар. Олардың жалпы сыйымдылығы 4,5 млн тоннадан асады. Ал, күн райына келер болсақ, синоптиктердің өзі қазір ұзақ мерзімге нақты болжам жасай алмайды. Тек бір белгілісі, жауын-шашын бірнеше күн тоқтағанмен сонан соң қайта жауады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы