387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемен тұрғындары автобусты 40-45 минутқа дейін күтеді

  • 169
  • UPD: 21:53, 13.09.2019

Өскеменде жолаушылар наразы. Әсіресе, соңғы 5-10 жылда жаңадан бой көтерген шағын ауданның тұрғындары автобусты 40-45 минутқа дейін күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан қаладағы 42-ші бағдармен қатынайтын жолаушылар автопарк жетекшілері мен оны үйлестіруге жауапты жергілікті атқарушы билік өкілдеріне мәселені төтесінен қойды.

Блиц:

- Қыста адамдар деген аязда қоқиып қалады. Балалар бар кішкентай. №42 автобус бір сағатта әрең келеді мына жерге.

Өскеменде 42-ші бағат бойынша жүретін автобустың жыр болғанына біраз жыл болды. Теміржол вокзалынан бастап бірнеше шағынаудан мен саяжайларды аралап шаһар шетіндегі әскери қалашыққа дейін қатынайды. Сондықтан автобус қозғалғанда-ақ жолаушыларға лық толады. Таңертең, кешке отыру тіпті мүмкін емес.

Гүлнәр шәкірова, қала тұрғыны:

- 21-40 минут деген қай жерде? 42-де ғана. Аралық жиілік керемет үлкен. Мына маңайдың бәрінде халық тұрады. Қалаға қысылып барады. Қысылып қайтады.

Соңғы 10 жылда қаланың шетінде жаңадан бірнеше шағынаудан бой көтерді. Негізінен жеке үйлер шоғырланған. Халық уақытының көбін автобус күтумен өткізеді. Әсіресе, түскен кейін оқитын оқушыларға сабақтан қайтқанда өте қиын.

Олжас Керейхан,тілші:

- Халық арасында №42 автобусты кем дегенде 42 минут күтесің деген әзіл бар. Бұл қазіргідей күз бен жаз уақытында білінбейді. Ал қыста сақылдаған сары аязда өте қиын.

Балалар қанша болды автобус күтіп отырғандарыңа ?

- Көп. 10-15 минуттай болды.

Жолаушылардың нөпірі көп кейбір бағытқа күнделікті тасымалға 15-20 автобусқа дейін шығады. Ал 42-ші бағытқа 10-11 автобус қатынауы тиіс. Алайда тендерді ұтып алған автопарк жетекшісі жүргізушілердің жетіспеуінен 8-9 автобусты әрең жүргізіп отырғанын айтып ақталды. Мәселені реттеу үшін қала әкімдігінен субсидия сұрап отыр.

Қанат Қалелов, автопарк директоры:

- Бұған дейін субсидия бөлу жөнінде бірнеше рет хат жаздым. Қаржылай демеу болса, 100% қамтамасыз етеміе. Кондуктор мен автобус жүргізушінің еңбекақысы осы субсидиғя байланысты шешіледі. Қазір бізде жұмысшылар саны күн сайын азайып барады.

Қала әкімі ешбір  автопаркке   субсидия бөлінбейтінін кесіп айтты. Биыл маусымнан тамызға дейін тасымалдаушы 4 компания балалар билеті мен зейнеткерлердің жолда жүру жеңілдігін жойған. Тек қоғам наразылығынан соң қайта қайтарды. Қала әкімдігі жеңілдікті  жойған  автопарктердің әрекетін заңсыз санап,  қазір соттасып жатыр. Ал 42 бағыттағы автобустың жүру кестесіне қатысты халықтың наразалығын қала әкімі тыңдай келе, мәселе кезең-кезеңмен шешілетінін жеткізді.

Жақсылық Омар, қала әкімі:

- Облыста 4,7 миллиард ақша бөлінді. Біз қазанның ортасында 20 жаңа автобус әкелеміз. Келесі жылы наурыздың 22не дейін 65 жаңа автобус әкелеміз. Сөйтіп, 85 автобус келеді. 85 автобусты әкеп, ең жақсы жұмыс істеп жатқан компанияға береміз. Солар сол автобуспен таситын болады.

Келер жылдан бастап қаладағы қоғамдық көліктердің барлық түрі электрондық билет жүйесіне көшеді. Қазір қажетті құрылғылар толық дайын тұр. Жаңа автобустар алынған кезде бірден қойылады. Қаладағы тасымалға жауапты мамандар электронды билетке көшкен кезде мәселе біржола шешілеріне сендіріп отыр. Ал оған дейін 42-ші бағыттың жолаушыларына шыдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы