389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы «Talan Towers» бизнес орталығында премиум санаттағы кеңселер ашылды

  • 221
  • UPD: 23:10, 23.09.2019

Елордадағы «Talan Towers» бизнес орталығында жан-жақты қызмет көрсетілетін премиум санаттағы кеңселер ашылды.

Тың жоба «Talan Towers Executive Hub» деп аталады. Оның тұсаукесер рәсіміне арнайы шақырылған меймандар мен серіктестер қатысты.

Бұл кеңселер жұмыс істеуге барынша ыңғайлы. Әрі жалға алу талаптары қолайлы. Міне, Қазақстан астанасында өз өкілдігін ашуды көздейтін компания өкілдері көбіне осындай жұмыс орындарын іздейді. Сәйкесінше, оларға сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер бұл бірегей кеңселерде тек жұмыс істейді. Инфрақұрылым мәселесіне назар аударып, уақытын жоғалтпайды.

Лукаш Сковроньски, «Глобал Девелопмент» ЖШС бас директоры:

– «Сервис офисес» - әлемдегі кеңселер нарығындағы ең соңғы тренд. Бұл жерде заманауи бизнестің құндылықтарына басымдық бердік. Яғни жалға алушылар бар уақытын тек өз жұмысына арнайды. Кеңсені жабдықтау не болмаса осыған ұқсас басқа да тұрмыстық сұрақтарға бас ауыртпайды. 

Тұтынушыларға келіссөз бөлмелері, конференц-зал, тіпті ұялы телефонмен сөйлесу үшін арнайы орын ұсынылады. Сондай-ақ жалға алушылар хатшының және айти маманның көмегіне жүгіне алады. Мұнда жиһаз АҚШ пен Италиядан жеткізілген. Тіпті ұйқы капсуласы бар. Ал Қазақстанға келмес бұрын жобаның сәні мен сәулетіне жауапты мамандар Visa, Huawei, Siemens, Deutsche Bank сияқты компаниялармен жұмыс істеп үлгеріпті. 

Денис Кувшинников ABD Architects компаниясы интерьер департаментінің директоры:

– Әр жобаның өз ерекшілігі бар. Санитарлық және өрт сөндіру талаптарын сақтадық. Жарық пен ауаның жеткілікті болуы ескерілді. Бастысы, жобаны сәулетті, сәнді етіп жасауға тырыстық. Ғимаратқа кім келсе де, өзін жайлы сезінуі үшін барлығын жасадық.  

Кеңсені жабдықтауға қазақстандық мамандар да араласты. Навигациялық пиктограммалар мен аксессуарларды Анастасия Леонова әзірледі. Айтпақшы, шараның тұсаукесері енді ғана өткенімен, кеңселердің жартысынан көбі, нақтырақ айтсақ 60 проценті жалға беріліпті.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы