389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында фермерлер күзгі жиын-терінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

  • 172
  • UPD: 14:04, 26.09.2019

Ертіс өңірінің шаруалары картоптан гектарына 45 тонна өнім алып жатыр. Бұл рекордтық көрсеткіш дейді өздері. Қоймаларға күніне 1,5 мың тоннадай картоп  салынып жатыр.

Ақтоғай ауданында орын тепкен ірі агрокәсіпорында картоптан бөлек қызылша, сәбіз, қырыққабат егіледі. Биыл алғаш рет тәжірибелік алқапта қант қызылшасы салынды. Көкөністің қай түрі болмасын мол өнім берген.

Солтүстік өңір үшін қант қызылшасы тың жаңалық. Ағымдағы жылы тәжірибелік алқаптарда тәтті түбірдің  алты түрі егілді. Дақылдың өнімділігі жоғары. Сараптамалық көрсеткіштер құрамынан  қанттың мол қорын анықтаған. 

Виктор Дубовицкий, агрокәсіпорын директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Суармалы егістікпен айналысатындар үшін бұл болашағы зор, өте пайдалы дақыл. Біз қант қызылшасын келешекте облыс аумағында салынатын қант зауыты үшін өсіретін боламыз. Жаңа зауыт Қазақстан халқын қантпен қамтамасыз етеді. Қант қызылшасы аяздан қорықпайды. Сондықтан өнімді сақтауда ешқандай қиындық жоқ. 

Шаруашылық  кәдімгі қызылшаны жинауға кіріскен. Биыл суармалы алқаптың 20 гектарына қызылша  салынған. Гектарына 35 тоннадан келіпті. Биыл жазда ылғал аз түсті. Сондықтан өнімнің бағасы жылдағыдан  қымбат. Келісін  50 теңгеден өткізіп жатыр. Агрокәсіпорын жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Аграрлық факультеттің студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. 

Нұрсұлтан Батухан, студент:

- Бір айлық практиканы осында  өтіп жатырмыз. Өмірлік таңдаған мамандығымызды пратикамен ұштастырудамыз. Бізге осындай мүмкіндіктер жасап осылай тәжірибе жүзінде көрсетіп жатқан мамандарға рахмет. Кітап жүзінде басқа және де  қолмен ұстап, көзбен көріп, және де осы аграномияның иісі мұрнымызға келіп дейді ғой сондай практика өтіп жатырмыз. 

Университеттің 4-курсында оқып жатқан Нұрсұлтан Батухан  келешекте осы шаруашылыққа жұмысқа тұруды жоспарлап отыр. Түркістан облысының тумасы «Серпін»  бағдарламасымен келген. Қырыққабат алқабы да студенттерге беріліпті. Өйткені мұндағы жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Бұл жерде де  өнім мол. Гектарына шамамен 60 тонна қырыққабат алынып  жатыр.

Айымгүл Имашева, агроном: 

- Қырыққабат алқабын тамшылатып суару арқылы мол өнімге қол жеткізіп отырмыз. Бүгінгі таңда 750 тонна көкөніс  жиналды. 

Картоптың науқаны аяқталып қалған. Облыс бойынша орташа көрсеткіш гектарына 28 тоннаден келсе, Ақтоғай ауданында  45 тоннаға жетіпті. Бұл рекордтық көрсеткіш. Көкөніс  қоймаларына күніне 1,5 мың тонна картоп салынады. 

Қайрат Мұқанов, көкөніс қоймасы учаскесінің басшысы:

- Жартысынан көбін алғанда  қоймаға салғанымыз бір 20 мың тоннаға жақындай қоймаға түсті. Енді әлі 10 мыңнан астамы келеді. Ол жиналып жатыр. Биыл енді баға орташа бағамен алғанда 50 теңгеден жіберіп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Биылғы жылы шаруашылық сыйымдылығы 20 мың тонналық көкөніс қоймасын өнім тиейтін терминалмен бірге іске қосты. Мұндағы заманауи технологиялардың арқасында өнім келесі маусымға дейін сапасын жоймайды. Демек, облыс тұрғындарын көкөніспенен жыл бойы қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы