389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Ресей орманды қорғауға авиациялық бақылау енгізу мәселесін қызу талқылауда

  • 226
  • UPD: 14:08, 28.09.2019

Семейде орман өндірістік кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі ТМД елдері үкіметаралық кеңесінің 19-отырысы өтті.

Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения жәнеТәжікстаннан келген делегаттар қатысты. Жиналғандар орманды пайдалану және қорғау бағытындағы инновациялар мен өзара ынтымақтастықты тереңдету жайын талқылады.

Семейде өтіп жатқан орман өндірістік кешен мен орман шаруашылығы жөніндегі ТМД елдері үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысына 5 мемлекеттің делегациясы қатысты. Олар кеңестің атқарған жұмысын қорытындылап, оны жан-жақты дамытуға арналған шешімдерді қабылдады. Мәселен, қазір Қазақстан мен Ресей тарапы орманды қорғауға авиациялық бақылау енгізу мәселесін қызу талқылап жатыр. Қазақстан бұл орайда Ресейден «Ан-2» ұшақтарын сатып алуға ниетті.

Николай Ковалев, «Авиалесоохрана» федералдық бюджеттік мекемесі басшысының орынбасары:

– Бұл ұшақ түрі арнайы дайындалмаған жерлерге қона береді. Келісім жасалса, ол көршілес екі елге өте тиімді болар еді. Өйткені орман мен дала өртінде шекара болмайды. Оны бірлесіп өшіруге тура келеді. Біз өрт сөндіру бағытындағы жаңа технологиялар бойынша да тәжірибе алысып жатырмыз.

Ресей өз ұшақтарын ұсынса, Қазақстан тарапы орманды қорғау саласындағы жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алысуға әзір. «Семей орманы» табиғи резерватында орман өртін қашықтан анықтауға арналған ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Оның көмегімен қандай да бір өртті тұтана салысымен-ақ анықтауға болады.

Мақсат Елемесов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман және аң шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

– Мұндай жүйе әзірге ТМД елдері бойынша тек бізде ғана бар. Ол орман өртін дереу анықтап, өрт ошағының нақты кординаттарын және онда апаратын төте жолдар туралы мәліметерді көрсетеді.     

Қазақстан озық инновацияларға қол жеткізгенімен, өрт сөндіруге арналған техникалар бойынша өзге елдерден біршама қалып келе жатыр. Республикадағы орман шаруашылықтарының арнайы техникамен қамтылу көрсеткіші 65 процент қана. Сондай-ақ маман тапшы. Еліміздегі орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы жыл басынан бері 25 процентке өскенін де айта кетейік.    

Мақсат Елемесов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман және аң шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қазір орманшыларға әлеуметтік көмек көрсету және жас мамандарға көтерме жәрдемақы тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.  

Кездесу барысында зиянкестермен күрес, шекаралас өңірлердегі өрттің алдын алу және тұтанған өртті бірлесіп сөндіру жөніндегі келісім талаптарын бұлжытпай орындау мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы