389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жағалаудағы құрылыс өскемендіктерді дүрліктірді

  • 204
  • UPD: 20:27, 29.09.2019

Өскемендіктер ескі су мұнарасының сүріліп жатқанына қарсы.

Бұл нысан жергілікті тұрғындар үшін көне сәулет орындарының бірі іспетті. Әрі сол аумақта балалардың ойын алаңы бар. Енді алыстан менмұндалап тұратын мұнараның орнына дәмхана салынады-мыс. Жұртшылық осыған наразы.

Галинова Макаровна Ертіс жағалауында 40 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Су мұнарасының ол үшін орны бөлек. Бала-шағасы осы жерде ойнап өскен. Қазір де мұнараны қызықтайтындар көп көрінеді. Тұрғындар мен қала қонақтары келіп суретке түскенін де жиі байқаймын дейді. Сондықтан нысанды көне сәулеттік ескерткіш ретінде сақтаған жөн деп санайды.

Галина Горбань, зейнеткер:

– Бұл жерде дәмханадан көп нәрсе жоқ. Енді тағы да біреуін салады деп естіп жатырмыз. Балалар алаңы бар. Дәмхана салынатын болса, бұл балалар емес, ішімдік ішетіндердің алаңына айналады.

Замандасының бұл сөзін Шошина Валентина да құптайды. Мұнара сүріліп, дәмхана салынса, тып-тыныш аймақтың шырқы кете ме деп алаңдаулы.

Валентина Шошина, зейнеткер:

– Өмір бойы осы жерде тұрған нысан болған соң ба, осылай бұзылып жатқанын көру қиын. Балаларымыздың балалық шағы осы жерде өткен еді. Осыдан 4-5 жыл бұрын тағы біреулер бұзамыз, мейрамхана саламыз деп, әйтеуір әрең тоқтатқан болатынбыз.

Осылай деп шулаған тұрғындар кешқұрым жиналыс өткізіп, арыз-шағымдарын жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне жеткізді. Олардың бірі мұнара ескі болғандықтан қауіпті, сондықтан сүру керек десе, екіншісі оны қайта жөндеуден өткізу керегін айты. Десек те, жұрт ол жерде дәмхананың салынуына қарсымыз дейді. Жиналғандармен қала әкімі де кездесіп, жүзбе-жүз әңгімелесті. Айтуынша, мұнара ешқандай тарихи ғимаратқа жатпайды. Жер жекеменшікте. Сондықтан жер иесінің әрекеті заңсыз деудің қисыны жоқ. Дегенмен кәсіпкердің ол орынға дәмхана салу туралы бастамасын әкімдік мақұлдамай тастады.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Дәмхана салғысы кеп отырған, сол себепті жақында жер коиссиясына өз өтінімін қалдырған, жерді қолдану мақсатын өзгерту бойнша, бірақ әкімдік тұрғындардың пікіріне мойын бұрып, ешқандай өзгерту жасалмады, дәмхана құрылысы болмайтын болды.

Енді қала әкімдігі жер иесіне басқа жер телімін ұсынып, дәл осы аймақты мемлекет қарамағына қайтарып алуға ниетті. Тек содан соң ғана су мұнарасы қайта жөнделе ме, әлде осы беті сүріліп орнына өзге нысан бой көтере ме, тұрғындардың пікірін ескере отыра нақты шешім қабылданады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы