389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда 3 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы тоқтап тұр

  • 152
  • UPD: 21:11, 01.10.2019

Көкшетауда 3 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы әлі күнге бітер емес. Соңғы уақытта ондағы жұмыстар мүлдем тоқтап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп салынады дегенде қала іргесіндегі шағын аудан тұрғындары бөркін аспанға атқан еді. Қазір сол қуаныштары су сепкендей басылған. Балалары 5-6 шақырым жердегі мектептерге қатынап оқиды. Сонымен, білім ошағының құрылысы неге бітпей тұр?

11 жастағы Олжас, қаладағы №3 мектепке қатынап оқиды. Ал, үйі болса, салынып жатқан білім ошағының іргесінде ғана. Қалаға автобуспен ары-бері жүруден шаршаған бала жергілікті билік өкілдеріне өз сәлемін жеткізді.

Олжас Алтаев, оқушы:

Мынау мектепті тезірек салсын. Көп оқушылар келеді. Жақын болады. Қалаға бармаймын.

Білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, аты жоқ бұл шағын ауданда 18 жасқа толмаған 300-ден астам бала бар екен. Алайда, жергілікті тұрғындар одан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Айта кету керек, салынып жатқан мектептің сыйымдылығы 320 орындық.

Медет Серғожин, қала тұрғыны:

Бір мектептің бала-шағасы шығады ғой мынау. Арғы бетте саяжайдың адамдары да тұрып жатыр. Мынау бергі бет бар. Біраз бар енді. Бір мектептен артығымен шығатын шығар енді.

Тасболат Шонтасов, қала тұрғыны:

- Алтыншы саяжайға дейін жаңа үйлер салынған. Балалар көп. Мына жерде №10 мектеп бар. Балаларымызды сонда апарамыз. Балалар сыймайды. Көпбалалы әкемін. Қалған балаларым орталық мектепте оқиды. Мұнда тоғыз жылдық мектеп қой. Екі балам осы №10 мектепте оқиды. Екі баламды орталыққа мектепке алып барам. Күні бойы балаларды тасумен боламыз.

Дамир Берікұлы, тілші

Биылғы жылдың басында пайдалануға берілу керек болған мектептің қазіргі кейпі осындай. Үш қабатты ғимараттың екі қабатының өзі толық бітпеген. Күзетшінің айтуынша, мұнда құрылыс жұмыстары жаздан бері тоқтап тұр. Ал, бұлай тұра беретін болса, оның қашан пайдалануға берілетіні беймәлім.

Жаздыгүні, яғни, нағыз жұмыс істейтін шақта бұл жерде ешқандай іс атқарылмаған. Нақтырақ айтсақ, құрылыс мамырдан бері тоқтап тұр екен. «Оған себеп – қаражаттың жоқтығы», - дейді, мердігер.

Серік Мантаев, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

- Ол болмаған соң жұмыс қалай жүргізіледі? Сол үшін содан тұрып қалды жұмыстарымыз. Енді қазір болады дейді. Болса, өзіміз де тырмысып жатырмыз істеуге. Мына жерде жүргенімізге 3-4 жыл болды.

 -Қазір қанша береміз деп отыр?

- Биыл білмеймін енді қанша бөлетінін. 300 миллиондай дейді. Көреміз енді. 300 миллионды, былай қарағанда, қазір игеру қиын

Мердігер компания өкілінің сөзіне сенсек, мұндағы жұмыстардың жартысынан астамы біткен. Оған 500 млн теңгедей қаражат кетіпті. «Ал, толық бітіру үшін тағы 400 млн теңгеден аса қаржы мен 5-6 ай уақыт керек», - дейді.

Құрылыстың тежелуіне қосымша бір себеп, ол о баста кеткен қателік. Яғни, ылғалды жердің ықпалына төтеп бере алатын іргетас салынбаған. Сөйтіп, қате тұрғызылған бетон бір жылдан соң қайта бұзылып, барлық жұмыстар басынан басталған. «Дегенмен, негізгі ауқымды жұмыстар аяқталды», - дейді мердігер.

Серік Мантаев, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

- Қазандық дайын, трансформатор дайын, дизель де дайын. Желілердің барлығы, су құбыры, канализация бәрі істелген.Байланыс, коммуникация бәрі жүргізілді.

Айта кетейік, бұл мектептің құрылысы 2016 жылдың күзінде басталған болатын. Қазір міне, тура 3 жыл болды. Ал, оның қашан ашылатынын дөп басып ешкім айта алмайды. Барлығы да қаражатқа байланысты деумен шектеледі. Жауаптылар болса, қаржының неге осылай бөлек-бөлек беріліп жатқанын да түсіндіре алмады. Ал, халыққа күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы