387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда науқасты көшеге қалдырып кетпек болған аурухана қызметкерлері дауға қалды

  • 152
  • UPD: 22:06, 14.10.2019

Оралда жүре алмайтын науқас көшеде қала жаздады.

Жағдай кеше түсте облыстық клиникалық аурухананың сыртында болған. Әлеуметтік желіде кең тарап кеткен бейнекөрініс күзетшілердің көшеде сырқатты арбадан түсіргелі жатқан жерінен басталады. Бүгін осы оқиғаға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы түсінік берді.

Арман Жұмағұловтың үйі облыстық ауруханаға көрші орналасқан. Кеше түс әлетінде ол қос күзетшінің арбаға сырқатты салып алып, емдеу мекемесінің қақпасынан шыққанын көреді. Аурухана бұрышына жеткен соң күзетшілер науқасты жерге түсіре бастайды.

Арман Жұмағұлов, қала тұрғыны:

– Мына жерге заттарын түсірді. Сосын өзін екі жағынан ұстап түсірейін деп жатты. Біз келіп қалғасын, олар тұрып қалды да, Серік деген көрші жігіт телефонмен қорқытты, қазір түсіріп жіберемін деп.

Кешелі-бері әлеуметтік желіде, түрлі ақпарат көздерінде кең тараған бейнекөріністе күзетшілер сырқатты сыртқа қалдыруға дәрігерлер бұйрық бергенін айтады.

Осыдан соң күзетшілер науқастың киім-кешегін кері салып, арбамен аурухана ауласына қайта кіреді. Болған жайтқа байланысты бүгін тиісті тарап түсінік берді. Сала басшылығының айтуынша, науқас 13 қазанға қараған түнде түскен. Бас сүйегінің сау екендігі анықталған соң, таңға дейін тиісті ем көрсетілген. Түске қарай кезекші дәрігер сырқатты терапия бөліміне жолдаған. Жексенбі күні жол апаты жиілеп, келушілер көбейгесін, бұл жұмыс күзетшілерге жүктеліпті. Сол күні ғана жұмысқа кірген күзетшілер керекті корпусты таба алмай, көшеге шығып кеткен.

Нұрданат Беркінғали, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қызметтік тексеріс жүргізілді. Барлығынан түсініктеме алынды. Бұл жерде дәрігерлердің басты ағаттығы – науқасты басқа корпусқа жеткізуге күзетшілерді жұмсауы. Олар дұрыс түсінбей, көшеге шығып кеткен. Ол үшін мекеме басшылығы тиісті жауапкершілікке тартылады. Сырқатты жалаңаш далаға тастайтындай, дәрігерлер сонша сезімсіз емеспіз ғой. Жыл басынан бері өңірде үй-күйсіз 55 жан ауруханаларда емделіп шықты. Бір кездейсоқ қателік үшін дәрігерлерді жаппай қаралаудан аулақ болсаңыздар екен.

Қазір 53 жастағы Арман Досжанов аурухананың терапия бөлімінде тиісті ем қабылдауда. Жазылып шыққан соң, белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арналған бейімдеу орталығына жіберілмек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы