387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы бөбекжай қызметкерлері қашықтан оқып жатыр

  • 119
  • UPD: 23:53, 19.10.2019
Маңғыстау облысындағы бөбекжай қызметкерлері қашықтан оқып жатыр

Маңғыстау облысындағы мемлекеттік бөбекжай қызметкерлері жаңа мазмұндағы білім беру тәсілдерін қашықтан оқып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – бірінші кезекте шалғай ауылдардағы педагог-мамандар үшін тиімді.

Олар жұмыс орнынан шықпай-ақ кәсіби біліктілігін арттыра алады. Биыл 70 адам осы мүмкіндікті пайдаланып, өз білімін ұштауға кіріскен.

Ақтаудағы №14 балабақшада 300-дей бүлдіршін тәрбиеленеді. Мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 60-қа жуық адам еңбек етеді. Ұжымды жаңа мазмұндағы білім беру тәсілдеріне баулу әдіскер Ұлболсын Махамбетоваға жүктелген. Қызмет өтілі бес жылдан асқан педагог-маманның онлайн біліктілік арттыру курсына алғаш қатысуы. Айтуынша, оның тиімділігі алғашқы күндері-ақ іс жүзінде байқалған.

Ұлболсын Махамбетова, №14 балабақшаның әдіскері:

Осы курстың тиімділігін өте жоғары деп бағалаймын. Өйткені мен өз жұмысымнан қол үзбеймін. Күнделікті белгіленген уақыты жоқ. Яғни, шектелмеген. Осы уақыт ішінде мен барлық жұмыстарымды, материалдарымды білім порталынан ала аламын. Және өзіме керектісін пайдалана аламын. Ол жерде берілген барлық тапсырмаларды өз жұмыс орнымда отырып, орындай аламын.

Мектепке дейінгі білім беру тәсілдерін қашықтан оқыту бағдарламасын «Өрлеу» ұлттық орталығы әзірлеген. Орталықтың әр аймақтағы филиалы бөбекжай тәрбиешілері біліктілігін арттыруға жұмылдырылған. Ақтаудағы институт оқытушылары екі жылда 140 педагогтың білімін ұштады.

Ақбілек Жұмабаева, біліктілікті арттыру ұлттық орталығы институтының аға оқытушысы:

- Тыңдаушылар үшін дәрістері, презентациялары, қосымша әдебиеттері барлығы білім беру порталында жүктеліп тұр. Алғашқы күнінде тыңдаушылар білім сатысы оқуына келеді. Сол кезде генерацияланып, әр тыңдаушы өзінің логин-паролдерін алып кетеді. Ауылдарына барған мезгілде порталға кіріп, сол жердегі тест жұмыстары бар, өзіндік жұмыстары бар солардың барлығын орындап, өз бағаларын алып отырады.

Қашықтан оқыту курсына қатысушылар 18-күні, яғни «Бетпе-бет» кезеңіне өткен соң облыс орталығына шақырылады. Жергілікті біліктілік арттыру институтынан сертификат алады. Онлайн оқыту бағдарламасына келер жылдан бастап облыстағы барлық мектеп мұғалімдері де қатысуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы