388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда жетім өскен балалар баспанаға қол жеткізе алмай жүр

  • 178
  • UPD: 16:19, 23.10.2019

Жезқазған қаласында жетім балалар баспанаға қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Олардың алды үй кезегінде 12 жылдан бері тұр. Осы аралықта шаһарда қанша пәтер салынғанмен, ешбіріне ілікпедік дейді мұқтаж жандар. 

Алена мен Александрдың алты баласы бар. Үлкені 5 сыныпта оқыса, кенежесі бес айлық. Екеуі де тұл жетім. Ерлі-зайыптылардың үй кезегінде тұрғандарына 11 жыл болыпты. Осы күнге дейін әр жерде пәтер жалдап келген. Ал маусым айында жергілікті әкімдік уақытша тұруға коммуналдық үйден бір бөлме береді. 

Алена Нарижная, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бізге әкімдік мына бөлмені беріп, 1-2 ай тұруға ұсыныс жасады. Кейін пәтер беретіндерін айтты. Алайда 6 ай өтті, әлі хабар жоқ. Бөлменің сиқын көріп тұрсыздар, адам шошиды. Біз есікті, ваннаны өзіміз орнаттық. Мұнда тіпті жылыту батареясы да жоқ. Қыс түссе не істерімізді білмейміз.

Қазір Жезқазғанда балалар үйінің 15-ке жуық түлегі баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Олардың барлығының да пәтер кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Осы күнге дейін тиесілі шаңырақтарын сұрап, талай табалдырықты тоздырыпты. 

Қарлығаш Сапарбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бізге тым болмаса қызметтік пәтер берсе екен. Қазір өзім жүктімін. Ертең босанған соң, баламды қайда апаратынымды да білмеймін. Басымызда баспана болса, ел қатарлы коммуналдық шығындарды уақтылы төлеп тұратын едік қой.

Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар. «Бірақ қалада тұрғын үй құрылысы тым баяу жүріп жатқандықтан, барлығын бірдей баспанамен қамту мүмкін болмай отыр», – дейді. Ал қазір Жезқазған қаласы бойынша пәтер кезегінде 546 жетім бала тұр екен. 

Қуанышбек Сансызбаев, Жезқазған қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Тегін үй тиесілі. Жаңа бағдарлама бойынша арендалық үй барлық жерде салынып жатыр. Ал бұл балаларға үй берілмеуінің себебі Жезқазған қаласында жаңа үйлердің салынбауынан. Былтырдан бастап үйлер енді салына бастады, енді берудің жолы көбейеді.

Дей тұрғанмен, биыл жыл басында жаңа салынған үйден 7 жетім балаға баспана беріліпті. «Бірақ олардың барлығы да пәтер кезегіне бізден кейін тұрғандар», - дейді балалар үйінің түлегі Қарлығаш Сапарбаева. Ал ұзақ жыл кезегін күткендердің бұл тізімге неліктен енбей қалғаны әзірге жұмбақ.    

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы