419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда тұрғындардың өмірін сақтап қалған тәртіп сақшысына жерлестерінің алғысы шексіз

  • 645
  • UPD: 11:47, 25.10.2019

Жаз мезгілінде Талдықорғандағы жатақханалардың бірі жарылып кетуге шақ қалды.

Психологиялық ауытқуы бар қала тұрғыны үйге газ толтырып, сіріңке жақпақ болған. Жанынан безген жанкештіні тәртіп сақшылары тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мына ғимарат полицейлердің ерен ерлігінің арқасында бүтін тұр. Әйтпесе, күлі көкке ұшуы әбден мүмкін еді. Шілденің 6 күні шұғыл шақыртуға келген тәртіп сақшылары алдымен 20 шақты тұрғынды қауіпсіз жерге шығарыпты. Артынша Марат Әбілхамитов қызметтестерімен бірге бөлмеге қарай беттеген. Пәтерге кірген бойда ер адамды тұтқындап, қанқұйлы әрекетін іске асыруға мүмкіндік бермеді.

Марат Әбілхамитов, қалалық ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы:

– Шақырту түсіп, мекенжайға келдік. Жатақханаға кірсек, ер адам отыр, тамырын кесіп тастаған. Қан ағып жатыр. Бір қолында сіріңке, бір қолында пышақ. Қолындағы сіріңкені алып, алғашқы медициналық қызмет көрсеттік.

Зәкира Ахметбекқызы, жатақхана меңгерушісі:

– Полиция қызметкерлері уақтылы келгеніне алғыс білдіремін. Олар қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Сонымен қатар суицид жасаған жігіттің де өмірін сақтап қалды. Егер келмеген жағдайда жағдайда ушығып кетер ме деп ойлаймын.

Қауіптің бетін қайтарған Марат Әбілхамитов, Берік Ысқақов, Алмас Ақышев есімді қызметкерлер. Олар қазір қаладағы жергілікті полиция қызметінде учаскелік инспектор болып еңбек етіп жүр. 

Жеңіс Мәлікбазаров, қалалық ПБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

– Полиция қызметкерлері өздерін қызмет бабында жақсы жағынан көрсете білді. Және бүгінгі күнге дейін жұмысын тиянақты атқарады. Жылдың басынан бізде он факті орын алған. Осы он фактіде де полиция қызметкері өзін жақсы жағынан көрсетіп, бірнеше адамды аман алып қалды.

Қоғам тыныштығын күзеткен полицейлердің жұмысы қауіп пен қатерге толы. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірдегі 33 тәртіп сақшысы қызмет бабында қаза тапқан. Бейбіт күнде ерлік жасаған батырлардың есімі ұлықталып, ел жадында мәңгі сақталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы