376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Есірткі ермек пе, әлде белең алған бизнес пе?

  • 296
  • UPD: 18:36, 01.11.2019

Елімізде ағымдағы жылдың он айында 1 мың 878 есірткі қылмысы анықталып, 19,4 тонна нашаның түр-түрі тәркіленген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз-конференциясында мәлімдеді.

Сондай-ақ маусымдық «Көкнәр» операциясының қорытындысы жарияланды. Сонымен заңсыз есірткімен сауда қай өңірлерде өршіген? Нашаға қарсы күрес жолында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

Бұл – Петропавл қаласы және Бескөл ауылында синтетикалық есірткі өткізумен айналысқан қылмыстық топты құрықтау операциясы. Нашаны заңсыз сатылымға күдіктілер әлеуметтік желі арқылы шығарған. Полиция қызметкерлері есірткі сатушыны ұстау үшін онымен байланыс орнатып, белгілі дозаға тапсырыс береді. Ізін суытпай интернет-дүкеннің курьері қармаққа түсті. Ол нашаны белгілі бір мекенжайлар маңына тығып, қалдырып кетеді екен. Сатып алушы интернет арқылы төлем жасаса жеткілікті. Операция барысында 6 гр каннабистің синтетикалық тектес заты «спайс», 70 гр. «соль» деген атау бар зат табылды. Есірткі қолдануға арналған металл және шыныдан жасалған шүмек алынды.

Қылмыскерлерді құрықтау есірткімен күресуге бағытталған республикалық «Көкнәр-2019» операциясы барысында жүзеге асқан. Қарасора пісіп, маусым айынан басталған есірткіге қарсы іс-қимыл бойынша қазанға дейін 3000-ға жуық есірткі құқық бұзушылығы тіркелді.

Заңсыз айналымнан 17,5 тонна түрлі есірткі тәркіленген. Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан 200 гектардан астам 24 қарасора алқабы анықталып, көзі жойылған.

Тілеген Мәткенов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

– Қаржы министрлігімен бірге электронды төлем жасайтын 1400 абонентке тексеру жүргізілді. 10 мың адамға есірткі ұсынған телеграммда 32 чат анықталды. Әкімшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Синтетикалық есірткіні таратуымен айналысқан 5 сайт бұзылды. Ресей ішкі істер министрлігіне мәскеулік 230 нөмірге қатысты өтініш жолданды. Олар біздің ел аумағында есірткі таратумен айналысуы мүмкін.

Иә, бүгінде наркобизнесте каннабис пен героиннің орнын синтетикалық есірткілер басып келеді. Ал оларды тарату үшін қылмыскерлер интернет желілерін қолданады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша электронды ақпараттар арқылы есірткі сату, тасмалдау, таратумен айналысқандар енді 15 пен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады.

Тағы бір айта кететін жайт, қыркүйек айынан бері кез келген қазақстандық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоя алады. Ол үшін төменде көрсетілген нөмірге хабарласу қажет.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы