384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда 40 мың шаруа қожалығын әйел басқарып отыр

  • 265
  • UPD: 23:10, 07.11.2019

Елімізде 40 мың шаруа қожалығын әйел басқарып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйдегі шаруамен түздегі ауыр еңбекті қатар алып, қайыспай көтерген осындай бұрымдылар бүгін елордада бас қосты.

Екі күнге жалғасатын ауыл әйелдерінің форумында нәтижелі жұмыспен қамту және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жайы талқыға салынады. Бұл ғана емес, жасыл технологияларды игеру және инновациялық жобаларды іске асыру жолдары да – осы жиынның басты тақырыбы.

«Мал шаруашылығы берекелі кәсіп, алайда бейнеті де жетерлік», дейді Дина Кенжина. Жетпістің бесеуіне аяқ басқан қария тоқсаныншы жылдардан бері мал шаруашылығымен айналысады. Басында отағасы бар еді, кейін ол өмірден өткеннен кейін бар ауыртпалықты өз мойына алды. Күн-түн демей тынымсыз еңбек етті. Қазір сол кәсіптің нәсібін көріп отыр. Балалары ісін жалғастырып, қораны малға толтырды.

Дина Кенжина, шаруа қожалығының жетекшісі:

– 400-ге жуық ірі қара, мың бас қой, жүздеген жылқы, сондай мал бар. Өте қиын шаруашылық. Жазғы маусымда көп, қыста оншақты адам, жазда 17-18 адам жұмыс істейді.

Ауыл әйелдерінің 2-форумына еңбекқор әйелдер жиналған. Бірі шағын кәсібін ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Енді бірі мал бағып, ата кәсіпті қолға алған. Әйел әкім ауылдың жағдайына алаңдаса, депутат әйел халықтың жоғын жоқтайды. Форумда олардың бәріне ортақ мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлікті дамыту, ауыл-аймақтың инклюзивтік, инновациялық және «жасыл» экономикасын жетілдіру жолдары айтылды. Сондай-ақ өңірлік саясат пен жерігілікті өзін-өзі басқаруды нығайту жайы көтерілді.

Салтанат Рақымбекова, «жасыл экономика және g-global» дамыту коалициясы төрайымы:

– Былтырдан бері біздің ұсынысымыз бойынша мемлекетімізде ауыл әйелдерінің форумын өткізу жоспарланып, мемлекеттік органдардың кестесіне кіріп отыр. Ол өте жақсы деп ойлаймын. Себебі 2008 жылдан бастап БҰҰ ұсынысы бойынша, 15 қазан күні халықаралық ауыл әйелдерінің күні болып аталып отыр. Біздің ұсынысымыз бойынша былтырдан бері Қазақстанда өтіп отыр.

Форумда табысты әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Шет мемлекеттерден келген сарапшы-мамандар да бизнес тақырыбында дәріс оқиды. Шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады.

Хабар 24 телеарнасы