384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында 300-ден астам отбасы газға қосылу кезегін күтіп жүр

  • 173
  • UPD: 20:31, 14.11.2019

Күн суытқалы Алматы облысының Панфилов ауданындағы жұртшылық та газдың қадірін түсіне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мердігер мекеме өтініш бергендердің үйін көгілдір отынға жалғап үлгермей жатыр. Осы күні 300-ден астам отбасы кезегін күтіп отыр. 

Махинур Мұхтарованың көмір тасу машақатынан құтылатын күні алыс емес. Ол тұратын Жаркенттің оңтүстік-шығыс бөлігі қазір газдандырылып жатыр. Қала тұрғыны енді көгілдір отынның беріліп, үйге кіргізілуін асыға күтіп жүр.

Махинур Мұхтарова, Жаркент қаласының тұрғыны:

– Алматыға барғанда мен де армандағам. Бізде үй жылы көмір тасымасақ деп. Қолымызды жылы суға салып отырсақ деп, осы арманымызға жеткен сияқтымыз. Былтырдан бастап газ тартылғанын көргенбіз. Біздің шеткі көшеге тартылама деп ойлағанбыз. Құдайға шүкір оған да жеттік.

Газ тартатын мердігер мекеме өкілдері 2 жарым мың тұрғынмен келісімшартқа отырған. Солардың тең жартысына жуығына көгілдір отын жеткізіп беріпті. «Қалғандары да өз кезегімен қосылып жатыр», – дейді сұхбат беруден бас тартқан компания жетекшісі. Ал әкімдік қызметкерлері кезекте тұрғандар жеткілікті екенін айтып отыр.

Арман Тазабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының басшысы:

– Газдың жақсылығын көргеннен кейін тұрғындар жаппай газға қосылып жатыр. Бүгінде АПЛ констракшнның мәліметі бойынша 300 адам газға қосылуға кезекте тұр. Жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жоспар бойынша осы қыста екі мың абонентті газға қосамыз.

Жаркентте газ тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Содан бері мердігер мекеме өкілдері 10 мыңнан аса үйдің бір мыңын көгілдір отынға қосты. Бұл қаладағы экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал еткен.

Сүриям Изимова, Жаркент қаласының тұрғыны:

– Бұрындары сағат төрттен кейін далаға шығу мүмкін емес еді. Бәрі пеш жағатындықтан аспанды қою түтін торлап тұратын. Ал қазір жағдай жақсарды. Өзге көшелердегі тұрғындар да газдың келуін асыға тосып жүр.

Аудан орталығы инвестициялық қаржы есебінен газдандырылып жатыр. Жоба арнайы меморандуммен бекітілген. Ол бойынша мердігер мекеме өкілдері 2021 жылға дейін Жаркентті, Жаскент және Жерұйық ауылын толықтай көгілдір отынға қосуы тиіс.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.

Хабар 24 телеарнасы