384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 10 елді мекенді байланыстыратын көпір қолданысқа берілді

  • 220
  • UPD: 19:38, 16.11.2019

Солтүстік Қазақстанда сабын өндірісі қолға алынып, көп салалы аурухананың құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнымен қоса он елді мекенді байланыстыратын көпір қолданысқа берілді.

Өңірге жұмыс сапарымен барған премьер-министр Асқар Мамин бірқатар өндіріс ошақтарында болып, астықты аймақта атқарылып жатқан жаңағыдай игі істермен танысты.

Петропавлда тұрмыстық химия өндірісі қолға алынды. Бұл – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде ашылған еліміздегі алғашқы фабрика. Жылдық қуаты - 6 мың тонна. Ерекшелігі сол, қатты және сұйық сабын жануарлар майынан жасалынады.

Ольга Шремф, фабрика өкілі:

– Инвестиция сомасы - 840 миллион теңге. Соңғы стандарттарға сай қондырғылар шетелден әкелінді. Жануарлар мен өсімдік майларын қайнатып, тұрмысқа қажетті сабын жасаймыз. Мұндай фабрика Қазақстанда тек бізде ғана.

«Петропавл ауыр машина жасау» зауытында бүгінде технологиялық процесс толықтай автоматтандырылған. Өндіріс ошағына соңғы үлгідегі өнімділігі жоғары 39 станок орнатылды. Нәтижесінде өнім көлімі былтырға қарағанда 2,5 есеге артқан. Мұндай жаңғырту жұмыстары шахардағы Киров атындағы зауытта да жүргізілді. Кәсіпорын барлық тұрмыстық техникаға қажетті көп қабатты баспа палаталарын шығара бастады. Мұндай қондырғының Қазақстанда баламасы жоқ.

Райымбек Қайрат, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

– Елбасы қолдауының арқасында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай көп салалы баспа палаталарын жасайтын жаңа желі іске қосылды. Ол үшін респбликалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Болашақта өнімдерімізді шетелге экспорттауды жоспарлап отырмыз.

Үкімет басшысы Петропавлда көп салалы аурухананың капсуласын салу рәсіміне де қатысты. Медициналық мекеме қаланың «Шығыс» мөлтек ауданында 2022 жылдың соңына дейін бой көтереді. 500 орынға шақталған. Жоба құны - 50 миллиард теңге. Оны түркиялық инвестор мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында тұрғызбақшы. Ал соңғы үлгідегі құрылғыларда жұмыс істеу үшін 200 дәрігер шетелде біліктілігін арттырады.

Тимур Сұлтанғазиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақыттағы перзентхананың, облыстық аурухананың, онкологиялық аурухананың және кардиоорталықтың орнына салынатын аурухана дүниежүзілік стандарттарға сай. JCI аккредитациясынан өтетін аурухана болып табылады. Бұл жерде барлық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілетін болады.

Бұдан соң Асқар Мамин Тайынша ауданында орналасқан астықты терең өңдейтін зауытта екінші желіні іске қосты. Қазір бұл жерде крахмал мен балауыз өндіріледі. Құйылған инвестиция 11 миллиард теңгені құрап отыр. Енді желтоқсан айында бидайдан биоэтонол алынбақшы. Кәсіпорын толық қуатқа көшкенде 500 адам жұмыспен қамтылатын болады. 

Алмас Қалимұрзин, зауыттың бас директоры:

– Айына бір мың тоннаға дейін глютень өнімін шығара аламыз. Глютень бұл дәнді терең өңдеу арқылы алынатын өнім болып табылады. Біздің глютень ұн сапасын арттырады.

Солтүстікке жасаған жұмыс сапары соңында премьер-министр Қызылжар ауданына қарасты Новоникольск ауылы маңындағы автомобиль көпірінің ашылу салтанатына қатысты. Нысанның жалпы ұзындығы 221, ал ені 8 метрді құрайды. Жылда көктемде Есіл өзені тасып, бірнеше ауылмен байланыс үзілетін. Енді мұндай мәселе туындамайды. Айта кету қажет, аталған жоба да мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы