384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда көшелердің тарлығы жолаушы тасымалының сапасына әсер етіп отыр

  • 229
  • UPD: 11:23, 19.11.2019

Түркістандағы қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі ескі, іші тар, орын болмағандықтан тұрып баруға тура келеді. Кешкі жетіден кейін дені тоқтап қалады. Такси ұстап, тентіреп жүргенің. Түркістандықтардың қоғамдық көлікке қатысты пікірі осындай. Ал жауапты сала мамандары «қала көшелері тар болғандықтан үлкен автобустар сыймайды. Сондықтан «газелдерді мүлде құртып жібереміз» деп айта алмаймыз»,– дейді.

Түркістандағы қоғамдық көлік тасымалының қызмет көрсету сапасы жайында тұрғындардан артық айта алмаймыз. Халықтың сөзінің жаны бар. Оны жауапты сала мамандары да мойындайды. Десек те, өзгерістер бар. Жаңа автобустар сатып алынып, қоғамдық көліктердің бағытын қадағалайтын JPS қондырғылар орнатылып жатыр. 

Нұрболат Елгелдиев, автопарк қызметкері:

– Қаланың ішіндегі 10 бағытқа JPS қойылған. Уақыттары, жылдамдығы, басқа жаққа кетіп қалмасын деп қарап отырамыз. Бұдан бөлек 100 автобусқа қойылған. Алдағы уақытта тағы да қойылады. Таңғы 6-дан кешкі 9-ға дейін ғой.

Халық – шындықтың айнасы. Қоғамдық көліктің көбі кешкі 7-ден кейін тоқтап қалатын да солар айтып отыр. Арасында бірен-сараңы 9-ға дейін жүретінін жоққа шығармайды. Қала билігі былтырдан бері қоғамдық көліктерді электронды билет жүйесіне көшіруге әрекет жасауда. Алайда келген компаниялардың барлығы халық санының аздығы мен билет құнының төмендігін айтып, қызмет көрсетуден бас тартқан.

Мақсат Кулимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Бізде Түркістан қаласында баға қазір 50 теңге. Олардың айтуынша, бізге 5-7 пайыз деген болмайды. 15-20 пайыз сұрап отыр. Себебі жолаушылар легі төмен, ақтамайды дейді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының «ПолиАрт» деген мекемесі келіп, көрді. Электронды билет енді 2020 жылы болар, «ПолиАртқа» сенім артып отырмыз.

Қазір Түркістан қаласында 275 қоғамдық көлік 21 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Оның 105-сі автобус, қалған 170-і шағын газелдер. Биыл жолаушы тасымалдау компаниясы өз есебінен 26 жаңа автобус сатып алған. Жыл соңына дейін тағы 10-ын әкелмек. Одан бөлек, «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 18 электробустар сатып алу жоспарлануда. Қазір 2-уі жеткізілген.

Ролан Ибрагимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Жаңа автобустар 50 пайызға да жетпейді. Келесі жылы соны 50-ға жеткіземіз деп отырмыз. Газелдерді толық құртуға мүмкіндік жоқ. Себебі Түркістан бұрын аудан орталығы болғандықтан көшелері тар. Көп көшелерге автобустар кіре алмайды. Қазір сол себепті де 8,5 метрлік автобустар алып жатырмыз. Болашақта біз көшенің үлкеюіне қарай 10,5 метрлік автобустар сатып аламыз.

Әрине, елдің арманы да осы. «Жаңа автобусқа мініп, қысылмай-қымтырылмай, таза жүрсек», – дейді.

– Қаламыз көркейіп жатыр. Көркейгенге сай, көлігіміз де дұрыс болса деген ойымыз бар.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта көне шаһардың жаңа аудандарында заманауи автобустар қатынайды. Ал қаланың ескі бөлігі бірте-бірте ауыстырылатын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.

Хабар 24 телеарнасы