375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі жұқпалы аурулар ауруханасы жабылып қалуы мүмкін

  • 319
  • UPD: 23:09, 19.11.2019

Семей тұрғындары мен дәрігерлері қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасы жабылып қала ма деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тамыз айында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот емдеу мекемесінің аса маңызды кейбір бөлімдері мен асхана, зертхана, кір жуатын орындардың жұмысын тоқтату жөнінде шешім шығарған.

Алайда нысан ескі болғанымен, қала ғана емес маңайдағы бірнеше аудан халқына қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан аурухана әкімшілігі бұл шешімді кейінге қалдыру жөнінде аппеляциялық шағым түсірген.

Осыдан бір жұма бұрын ыстығы көтеріліп жедел жәрдеммен жеткізілген кішкентай Дарын қазір сауығып келеді. Анасы Дина дәрігерлердің біліктілігіне риза. Жыл сайын мұнда 6 мыңнан астам бала ем-дом алады екен. Алайда 80 жылдық тарихы бар аурухана жабылып қала ма деген қауіп сәбилердің ата-аналарын қатты мазалап отыр.

Дина Мүрсәлімова, қала тұрғыны:

– Тұмаумен жиі ауыру көп. Осында келеміз, егер жабылып қалса, қайда баратынымызды білмейміз, жабылуына қарсымыз.

Аурухана ұжымы іргетасы сонау 1939 жылы қаланған ғимаратта шынымен 8 жылдан бері күрделі жөндеу жүрмегенін және қазіргі заман талаптарына жауап бермейтін тұстары аз емес екенін жасырмайды. Алайда жаңа емдеу мекемесін салу мәселесі ұзақ жылдар шешімін таппай келді. Сондықтан мамандардың жоспарлы тексеруі кезінде жыл сайын ескертпелер беріліп тұрады екен. Ал биыл Семей қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті сотқа шағым беріп, құзырлы орган кейбір бөлімдердің жұмысын тоқтату жөнінде шешім шығарған. Оның ішінде жансақтау және қарқынды емдеу бөлімі де бар.

Сәуле Қаржаубаева, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Біз қазір қайтадан аппеляциялық арыз бердік, Тосып отырмыз, олар бізді шақыру керек. Онда 3 судья шешу керек бұл сұрақты. Мен әрине дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Қазір сіздер көшіп барып жұмыс істей берулеріңізге болады деген ондай ғимарат жоқ. Негізі біз өзіміздің қазіргі жағдайда осы ғимаратта істей бергеніміз жөн болады деп ойлаймын. Өйткені бұл ғимарат ескі болса да, балаларға арналған типтік ғимарат.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Семей қаласында жаңадан балалар ауруханасын салу шаһардың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарында көрсетілген. Дегенмен оған дейін дайын ғимарат болмағандықтан, бұл мекемені жабу миға қонымсыз деп есептейді дәрігерлер. Сондықтан кір жуатын, асхана, зертхана сияқты мына ғимараттардың жұмысын тоқтату туралы сот шешімі шықса да, әлі күнге дейін амалсыздан олар жұмыс істеуге мәжбүр.

Ал Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттарын дайындауға 8 миллион теңге бөлген. Алдағы уақытта сот шешімінде көрсетілген кемшіліктерді жоюға да барлық күш салынбақшы. Ал дәрігерлер мен семейлік тұрғындар бұл мәселе оң шешіледі деген сенімде.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы