420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсіпкерлерді шығынға батырған 6 міндет: салық мамандары не дейді?

  • 618
  • UPD: 23:29, 19.11.2019

Петропавлдық кәсіпкерлерді сауда-саттық міндеттемелері мезі қылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатаң талаптар әсіресе шағын дүкен иелерін шығынға батырып отыр. Тығырыққа тірелген бір топ іскер азамат арнамызға хабарласып, араша сұрады. Бұл туралы салық мамандары не дейді?

Елена Соловьёва 20 жыл бұрын ашқан азық-түлік дүкенін жалға беруді ойлап отыр. «Қазір жұмыс істеу өте қиын», - дейді кәсіпкер. Осындай шағын сауда орындарын неше түрлі міндеттемелер қыспаққа алған.

Елена Соловьёва, кәсіпкер:

– Мемлекет кәсіпкерлерге қатысты жаңашылдықтарды жиі ойлап табады. Басында кассалық аппарат болды. Оны сатып алдық. Содан кейін онлайн аппарат шықты. Ол да ақша. Енді карточкаларға арналған POS – терминал орнаттық. Бұл жерде банк пайда көріп отыр. Олар 6 процентке дейін ұстап қалады.

Қазір Елена секілді шағын дүкен иелері бір-біріне бәсекелес емес, ажырамас досқа айналды. Оларды мезі қылған 6 міндеттеме бар: жыл сайынғы лицензиялық жиын төлемі, онлайн кассалық аппарат, POS терминал, арақ-шараптың акциздік маркасын тексеретін «Wipon» жүйесі, электронды шот-фактура мен кеңейтілген чек. Бұл – ірі супермаркеттерге де, шағын дүкендерге де ортақ талап.

Игорь Бухонин, «Риск» кәсіпкерлер одағы» ҚБ басқарма төрағасы:

– Егер бұл талаптарды орындауға ортаңқол кәсіпкерлердің қалтасы көтерсе, шағын дүкен иелері шығынға батып жатырмыз. Мысалы, бір ғана лицензиялық жиын үшін жыл сайын 252 мың теңгеден төлеу керек. Онлайн кассалық аппарат, POS терминал, кеңейтілген чек бағдарламасы да қымбат. Арақ-шараптың акциздік маркасын неге біз тексеруіміз керек? Барып тұрған бассыздық.

Биыл 200-ден астам қызмет түрі онлайн бақылау-кассалық машинасына көшті. «Бұл – кәсіпкерлердің нақты қанша пайда табатынын көрсетеді», - дейді салық мамандары. Ал акциздік марканы тексеру тәртібі контрафактілік өнімдерді анықтауға арналған.

Лилия Әбілова, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас  маманы:

– Шағын дүкендер көбіне патент арқылы жұмыс істейді. Келесі жылдан бастап олар басқа салық салу режиміне өту керек. Оны өздері таңдайды. Сонымен қатар кәсіпкерлер онлайн бақылау - кассалық машинасын орнатуға міндеттеледі. Бірінші рет ескерту, екінші рет айыппұл салынады.

2020 жылы бұл тізімге тағы бір талап қосылады. Енді кәсіпкерлер темекі өнімдерінің кодын да басып алуға міндеттеледі. Ал кәсіпкерлер дүкенді сатып, сауданы қоямыз ба деп отыр. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы