377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мүмкіндігі шектеулі азаматты ұрған алматылық студент оқудан шығарылады

  • 357
  • UPD: 07:57, 21.11.2019

Жатақханадағы көршісінен таяқ жеген клоун Самат Рамазанов бір-екі күнде ауруханадан шығуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері хабарлады. Өте сирек аурумен ауыратын Саматтың құқы қалай қорғалмақ?

Мукополисахаридоз генетикалық дертіне шалдыққан Самат Рамазановты жатақханада бірге тұратын студент соққыға жыққан. Екеуі де – Тұран университетінің студенттері. Қыркүйектен бері бір бөлмеде тұрған. Келеңсіз жайттан бір күн ілгері Самат денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртады. Тексеруден соң дәрігерлер тыныштық керектігін айтқан. 

Эльмира Әлиева, қоғамдық қордың төрайымы:

– Ол күні бойы демалып, ұйықтайды. Көршісі қайта-қайта терезені аша берген соң Самат оған ескерту жасайды. Ол сөз қайтарады. Саматтың айтуы бойынша, есікті ішінен құлыптап алып, оны соққыға жыққан. 

Осы жағдайдан соң Самат дереу ауруханаға жеткізіледі. Бас сүйегіне рентген жасалып, терапевт, кардиолог тескереді. 

Бақытжан Әбдіқадыров, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім басшысы:

– Бас жарақаты, бастың шашты бөлімінің, беттің жұмсақ тіндерінің жарақаты бар. Жағдайы бірқалыпты. Қазір керекті емінің бәрін алып жатыр. Тыныштық қалыпта. Нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайына қарап 1-2 күн шамасында ауруханадан шығарамыз.

Самат өз дертіне қарамастан, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында клоун болып істейді. Екі күннен бері Саматтың жұмыс орны бос тұр. Бұл жерде ол әртүрлі кітапшалар жасап, онкологиялық ауруға шалдыққан балақайларға сыйлап, көңілдерін аулайтын еді. Сол бүлдіршіндер Саматты асыға күтіп жүр.

Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас тудырды. Самат Рамазанов Бостандық аудандық полиция басқармасына арыз берген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданады. Университет басшылығы да бей-жай қарамайтындарын жеткізді. 30 жастағы клоунға қол жұмсаған 18 жастағы студент оқудан шығарылатын болды. 

Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры:

– Екі жақтан да ата-аналар келді. Аналары жылап отыр. Алдын ала келіскен екен. Кешіретінін айтыпты. Бірақ біз , кешірді ме, кешірмеді ме? Кешірсе, арызды алатын болса, онда іс қозғалмауы мүмкін. Бірақ біз оны кешірмейміз. Біз ол баланы оқудан шығарамыз. Кейін қайтып келемін десе, өзі біледі.

Туа бітті тұқым қуалайтын мукополисахаридоз дертіне елімізде 47 адам шалдыққан. Әзірге бұл дерттің емі жоқ. Қымбат терапия ауруды тек тежейді. Сондықтан ауыр соққы түгілі, артық сөздің өзі Саматтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанина

Хабар 24 телеарнасы