376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 2 мыңға жуық жұмысшы тапшы

  • 255
  • UPD: 21:06, 22.11.2019

Солтүстік Қазақстан облысына әлі күнге екі мыңға жуық жұмысшы жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл мәселені шешу үшін халқы тығыз орналасқан аймақтардан тұрғындарды көшіріп әкелу жұмыстары жалғасып жатыр. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы теріскейде сол жұмыстардың барысымен танысты.

Нысыровтар жанұясы Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстанға биыл жазда қоныс аударды. Отағасы Руслан бірден жұмысқа орналасып, оларға жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын жаңа баспана берілді. Енді келешекте өз ісін ашпақ жоспары бар. 

Руслан Насыров, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

– Петропавл – Қарағандыға жүк тасимын. Бір айдай істеп, үйге барып, отбасымды алып келдім. Үлкен қызым мектепке барып жатыр. Бәйтеректе гиназияға бердік. Кішкентай бала енді балабақшаға барады.

Бердібек Сапарбаев нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылған баспаналарды аралап көрді. Кейін жергілікті тұрғындармен де тілдесті.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысы – шекарада тұрған облыс. «Ел боламын десең, шекараңды мықта». Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының ең үлкен еңбектерінің бірі – шекараны мықтаған. Біз соны әрі қарай жалғастыруымыз керек. Әрі қарай дамытуымыз керек. Шекарада тұратын елді мекендер мықты болу керек. Бұл жерде халықтың санын көбейтуіміз керек.

Кездесу барысында халық ауылда жаңадан балабалақша салынса деген игі тілектерін жеткізді. Бұдан соң, Үкіметтің жұмыс тобы Қызылжар ауданының активіне қатысты. Жиында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көрсетілетін қолдаудың жаңа тәсілдері түсіндірілді. Жалпы былтыр елімізде теріс сальдо 29 мың адамды құраған. Сондықтан еңбек күші мол өңірлерден азаматтарды көшіру жұмыстары жалғасын табуда. Оның үстіне «Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту» бағдарламасы аясында үш жылда оларға деп екі мыңнан астам үй салынады. Қоныс аударғандардың алды осы жоба аясында баспана құрылысымен айналысып, көпке үлгі болып жүр.  

Маржан Валеева, кәсіпкер:

– Оңтүстіктен көшіп келгенімізге 5-6 жыл уақыт өтті. 100 пайыз мемлекеттен қолдау бар. Кәсіпкерлікпен айланысамыз. Оның ішінде құрылыста бар, егін де бар, мал шаруашылығы да бар. Бәрі адал еңбекпен. Сауаттылықтың арқасында.

2050 жылға дейін Қазақстан халқының саны 25 миллионға жетуі керек. Бұл бағдарлама саяси-экономикалық маңызға ие. Сондықтан жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарын бітіргендерді де сол өңірде жұмысқа орналастыруды міндеттеуді ескертті.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы