Елорданың оңтүстік-батыс айналма жолы ашылды. Бүгін премьер-министр Асқар Мамин бастаған Үкімет өкілдері қозғалысты салтанатты түрде іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елорданың айналма жолының жалпы ұзындығы – 87 шақырым. Соның 34 шақырымында 2 жыл бойы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, осы күні аяқталды. Енді бас қаланың ішінде транзиттік көліктер жүрмейді. Әуежайдан қаланы сырт айналып, Көкшетау қаласына шығар жол арасымен іргедегі елдімекендерге де баруға болады. Тәулігіне 7 мың көлік жүйткиді. Әсіресе, транзиттік тасымалға оң әсер етеді. Жүргізушілер бұрынғыдай қала ішінде кептеліске тұрып, уақыт жоғалтпайды. Бұдан елорданың экологиясы да жақсарады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Елорданың дамуы Елбасының ерекше назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланың инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді. Елорда қарқынды дамып, тұрғындардың өсуіне байланысты көлік инфрақұрылымының дамуына басты назар аударылды. Осы ретте, бұл жол Нұр-Сұлтан қаласының дамуына үлкен серпін береді.
Алтай Көлгінов, қала әкімі:
- 87 шақырым кептелісті жеңілдетеді. Экологияны жақсартады. Бұл жол транспорттық жүйенің қалыптасқанын білдіреді. Бұл Елбасының тапсырмасына сай Үкіметтің қолдауымен жасалған жұмыс.