375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апатынан зардап шеккен 3 адам ауруханадан шықты

  • 218
  • UPD: 14:38, 30.12.2019

Өткен тәулікте ұшақ апатынан зардап шеккен 3 адам ауруханадан шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 46 адам әлі де ем алып жатыр. Оның 9-ы – бала. Бүлдіршіндердің жағдайы тұрақты, олар жансақтау бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Елжан Біртановтың айтуынша, жағдайды министрлік бақылауда ұстап отыр. Оның дерегінше, науқастардың бірнешеуінің жағдайы әлі де өте өте ауыр. Олар реанимация бөлімшесінің қарамағында. Қазіргі уақытта онда ғылыми орталықтардың басшылары жетекшілік жасайтын топ жұмыс істеуде. Сондай-ақ министр әуе кемесінің екінші ұшқышының денсаулығы туралы да айтты. Оның жағдайы өте ауыр болғанымен, тұрақты.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақ апатқа ұшыраған еді.

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– 9 науқас реанимация бөлімінде жатыр. Жетеуі 9-қалалық ауруханада, 2-і Алматы облыстық ауруханасында. 9 науқастың жағдайы күрделі. Бірақ біздің бақылауымызда. Бір науқастың жағдайы күрделі. Кеше арнайы мамандар қосымша Нұр-Сұлтаннан барып көрді, олардың арасында травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының басшысы профессор Батпенов бар. Бүкіл ем келісіп өткізіліп жатыр. Қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ апат салдарынан 12 адам қаза тапқанын растады. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссияның отырысы өткізіліп, ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінетінін хабарлады.

Хабар 24 телеарнасы