376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда биыл 450 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды

  • 123
  • UPD: 14:45, 31.12.2019

2019 жылды батыс қазақстандық құрылысшылар зор табыспен аяқтап отыр. Жыл ішінде өңірде көлемі 450 мың шаршы метрден аса тұрғын үй салынды. Бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Құрылыс қарқынының жоғары болғанына қарамастан аймақта әлі де 19 мыңдай тұрғын баспана кезегінде тұр.

Өз баспанам болса деген ой Гүлмира Исанованы көптен толғандыратын. 5 балалы отбасы ұзақ жылдар бойы саяжай аумағында пәтер жалдап жүрді. Алайда армандар орындалады екен. Жаңа жыл қарсаңында олар «Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен басыбайлы баспанаға қол жеткізді. Қазір балалардың әрқайсының өз бөлмесі бар.

Гүлмира Исанова,  қала тұрғыны:

- Қысты күні қиын, күртік қарға батып. Балалар таңмен ерте тұрады. Барғылары келмей сөйтіп жүрді, үлкендері өздері жәйлап шығады. Басында жылап сөйтіп жүрдік. Қазір міне, мектеп жақын, 10-15 минутта урәләп барады біз барайықшы деп. Сөйтіп міне, үйді алып, сонда тұрып жатырмыз.  

Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақта тағы 92 отбасы қоныс тойын тойлаған. Банктің оң шешімін алған 69 отбасы қазір өздеріне қолайлы үй іздеудің қамына кірісіпті. Жыл басынан бері өңірде 450 мың шаршы метр баспана бой көтерді.

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

-  «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қалада 6 көп пәтерлі үй, ал ауылдық жерлерде 49 тұрғын үй салынды. Қазір қабырғасы қаланып жатқан нысандардың дені болашақта кезекте тұрғандарға беріледі.  Сонымен қатар көне үйлерді бұзып, орнына жаңа көпқабатты үйлер салу тәжірибесі де оң нәтижесін беріп отыр. Биыл осындай 5 үйдің құрылысы басталды.  

Соңғы жылдар ішінде қала аумағы бірнеше есеге ұлғайып, жаңа шағынаудандар пайда болды. Мектептерде бала саны өсуіне байланысты 3 бірдей білім ошағының құрылысы басталды. Жыл соңында спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты пайдалануға берілді. Барлық талапқа сай келетін ғимаратта оқушылар спорттың 13 түрімен айналыса алады.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Руслан Ғазизов

Хабар 24 телеарнасы