376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 2021 жылы 86 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады

  • 108
  • UPD: 13:51, 13.01.2020

Былтырдан бері өңірде ауылды жерлерге негізгі газ құбырын тарту жұмыстарына күш салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысты жалғастыруға биыл республикалық және облыстық бюджеттен 6,6 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Аймақта газдандыру бойынша Байзақ ауданы көш ілгері тұр. Мұнда 21 ауылға газ тартудың жұмыс жоспары бекітіліп, оның 11-іне газ жеткізілді. Бүгінгі күні 43 елді мекеннің 34-і көгілдір отынмен қамтылған.

Қайрат Исмаил, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Дайын жобалар болуына байланысты облыс әкімі облыстық бюджеттен 1 миллиард 363 миллион теңге қарап, 21 елді мекенді газбен қамту бойынша жұмыстар басталып кетті. Жоспарға сәйкес бұл жыл бері қарай жылжытылды. Яғни, 2022 жылы Байзақ ауданы толық газбен қамтылатын болып отыр.

Дәл қазір облыстағы 377 елді мекеннің 50%-інде газ бар. Жауапты мамандардың айтуынша, 2027 жылға қарай аймақтағы барлық ауылдар 100% көгілдір отынды пайдаланады.

Мәулен Қожақов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

- 2019 жылы республикалық бюджеттен 4 ауданға және облыстың бір ауданына газ құбырын жеткізетін құбыр құрылысына қолдау тауып, құрылыс жұмыстары басталған. 2020 жылғы бұл іс-шараны әрі қарай жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 6,6 милиард теңгеге қолдау тауып құрылыс жұмыстарын көктем айларында бастауды жоспарлаудамыз.

Соңғы 10 жылда өңірде 133 ауыл газдандырылған. Биыл жыл соңына дейін тағы 9 ауыл қосылмақ. Ал, 2021 жылы 86 елді мекендегі 101 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы