443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дүкен сөресіндегі тауар бағасының өскенін байқағандар сенім телефонына хабарласа алады

  • 197
  • UPD: 21:38, 04.02.2020

Қытаймен шекараның жабылғанын желеу еткен кей кәсіпкерлер азық-түліктің бағасын көтере бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай құзырлы орындар бақылауды күшейтпек. Өзара сөз байласып, нарықтағы бағаны құбылтуға тырысатындарға қарсы әрекет ететін арнайы топ құру да жоспарда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Ал халық тұтынатын негізгі азық-түлік былтыр 10%-ке қымбаттаса, биыл қаңтар айында 0,3%-ке шарықтаған.

Қытаймен арадағы шекара жабылғанымен, сауда-саттық тоқтаған жоқ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, вирус тауар арқылы емес, адамнан адамға жұғады. «Яғни, кәсіпкерлердің азық-түлік бағасын өсіруі бизнестің жосықсыз әрекеті», - деді. Енді бақылау күшеймек. Дүкен сөресіндегі тауар бағасының өскенін байқағандар бірден сенім телефонына хабарласа алады. Сөйтіп, министр азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін тұтынушылардың көмегіне сүйенбек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажет. 2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында бағаға мониторинг жасайтын PRICE SCANNER мобильді қосымшасы іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген.

Былтыр әлеумет күнделікті қолданатын азық-түлік 10%-ке қымбаттаса, биыл қаңтар айында 0,3%-ке көтерілген. Бағаның өсуіне астықтың аз түсімі мен экспорттың ұлғаюы себеп. Бағаны қалыпты ұстау үшін құрылған тұрақтандыру қорларының жұмысы да көңіл көншітпей отыр. «Қорларды қалыптастыру және пайдалану жүйесіне түбегейлі өзгеріс керек», - дейді министр. Қорларға азық-түлік сатып алуға бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге бүгінгі күнге дейін игерілмеген.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Мемлекет басшысы олардың тиімділігі төмен екенін атап өтті және өңірлік тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің табиғи резервтерін құрудың тиімділігі аз тәжірибесінен баламалы құралдарға көшуді қамтамасыз етуді талап етті. Осындай баламалы құралдардың бірі – жеңілдетілген қаржыландыру арқылы бағаны ұстап тұру міндеттемелерін қабылдау бойынша сауда желілерін ынталандыру тетігі болып табылады. Біз оны «айналым схемасы» деп атадық және өңірлерді оны белсенді пайдалануға бірнеше рет шақырдық. Алайда, бұл құралды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа еш жер қолданыла алмады.

Үкімет жыл сайын бағаны тұрақты ұстаудың түрлі механизмін ұсынып келеді. Былтыр баға 10%-ке өскен кезде облыс әкімдерінің орынбасарларына шара қолданылған еді. Алайда, нәтиже аз. Әкімдер бағаны әлі де тұрақтандыра алмай отыр. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Өткен жылы барлық өңірлерде шекті бағадан асқан 67 жағдай тіркелді. Бірақ бірде-бір әкімдік рұқсат етілген шекті бағаны бекіту рәсімдерін қолданбаған және сауда объектілеріне заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамаған. Қаңтар айында шекті бағадан асып түскен тағы 7 жағдай тіркелді. Алайда, әкімдер тарапынан тағы да ешқандай іс-қимыл болған жоқ.

Қаржы министрлігі халық күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімді шаралар топтамасын әзірлеуге кіріскен. Яғни, құзырлы органдар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, тауарды өндіру, импорт пен экспорт бойынша тұтыну баланстарын дайындауы тиіс.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Сауда және интеграция министрлігіне Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге көтерме сату және агро-логистикалық орталық құру жобаларын қаржыландыру құрылымын бір аптаның ішінде белгілеуді тапсырамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін кеңейту үшін қажетті жағдай жасауы тиіс. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету  ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия алған кездегі міндеттемелердің бірі болуы керек.

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрлігі делдалдардың баға келісіміне қарсы күрес әдісін ұсынды. Яғни, әкімдер бесекелестікті қорғау мен дамыту және Мемлекеттік кіріс департаменттерімен бірлесіп арнайы жұмыс топтарын құруы тиіс.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы