399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада сервистік қызмет көрсету көңіл көншіте ме?

  • 246
  • UPD: 20:58, 07.02.2020

Жыл сайын Елордаға сырттан да, іштен де ағылып келетін туристер саны ұлғаймаса, кемитін емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Қазақстанның бас қаласындағы сервистік қызмет көрсету көңіл көншіте ме? Қызмет сапасын жақсартуға не кедергі?

Туризмді дамыту саласында еңбек етіп жүрген мамандар да бас қалада сервистің төмен екенін біледі. Бірақ шара жоқ. Себебі...

Базарбек Қамысбаев, «Астана конвеншн» бюросының менеджері:

– Қоғамдық тамақтану орындарының басты проблемасы ол кадр тұрақсыздығы. Көп жерлерде студенттер, жастар жұмыс істейді, және олардың біліктілік деңгейі шынымен кейде сәйкес келмей жатады.

Дегенмен алға жылжу бар дегенді айтады. Бұған 2017 жылғы Экспо көрмесі де септігін тигізіпті. Халықаралық шара қарсаңында туристерге қызмет көрсететін 200-ге жуық мекеме ашылған. Сол тұста оларға арнайы серіктестік бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, тренингтер ұйымдастырылды. «Біліктілікті арттыру бағдарламасы әлдеқашан тоқтағанымен, әлгі мекемелер қызметін сәтімен жалғастырып жатыр», – дейді. Дегенмен бизнес өкілдері нарық қағидаларын ұмытпауы керектігін айтады.

Базарбек Қамысбаев, «Астана конвеншн» бюросының менеджері:

– Әкімшілік қаншалықты көмектескенімен бизнес оған ынталы болуы керек, және өздері сондай кадрларды іріктеп алуы керек деп ойлаймын.

Абдурахман Дагделен – Түркиядан елордаға қоныс аударған кәсіпкер. Измир қаласында қоғамдық тамақтану саласында жылдар бойы еңбек еткен. Соңғы жеті жылдан бері түріктің қонақжайлық дәстүрін елордада енгізуге ниеттеніп жүр. Алайда, дәмхана даяшыларын жалдауда қиындыққа тап болғанын жасырмайды.

Абдурахман Дагделен, кәсіпкер:

– Біздің мысалы, Түркияда 30, 35 жастағы даяшылар бар. Тіпті 40, 45 жасына дейін даяшы боп жүрген кісілер бар. Негізі мұнда көбінесе студенттер. Ол ұят емес, ол біздің жұмысымыз. Біздің қазақ бауырларымыз бар, қарындастарымыз бар, официант болғылары келмейді. Даяшы жұмысынан біраз ұялады.

Дәмханаға келушілерді үйіндегі қонағындай сыйлау Түрік еліндегі туризмнің қарыштап дамуына ықпал етті. Ал Қазақстанда қалыптасқан қонақжайлық әдебі өзгешелеу. Бұрын қызмет сапасы көңілден шықпаса, арыз кітабын сұратып, шағым білдіруге болатын. Ал қазір:

Бақыт Топтаева, тілші:

– Әлеуметтік желідегі жағымсыз пікір қызмет көрсетуші мекеменің абыройына нұқсан келтіріп, табысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, «Клиенттікі қашан да дұрыс» қағидасын амалсыз ұстануға тура келеді.

Мүмкін қызмет көрсету саласының өкілдерін осылай ынталандырған дұрыс шығар. Бірақ бұл ретте өзара бәсекенің де алар орны ерекше. Алайда бізде ол да әзірге ақсап тұр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы