426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық шебер келіншек көп балалы аналарға құрақ құрауды тегін үйретіп жүр

  • 616
  • UPD: 19:02, 16.02.2020

Бір кезде қаржы саласын игеріп, тіпті бас есепші болып қызмет атқарған Гүлмира Уәлихан ол кәсібінен бас тартып, бала күнгі арманын жүзеге асыруды жөн санапты.

Құрақ құрап, көрпе тігіп кәсіп ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлмира Уәлихан, қолөнер шебері:

– Көп клиент тапсырыс берген кезде ашық түсті маталарды сұрайды. Олардың калауы бойынша жасаймын.

Әрбір тапсырысқа үлкен мән беретін Гүлмира Уәлиханның ұлттық қөлөнермен айналысып жүргеніне 9 жылдай уақыт болыпты. Қаржыгер мамандығы бойынша білім алып, осы салада еңбек еткен ол бір күннің ішінде осының барлығынан бас тартады. Осылайша, бала күнгі арманын жүзеге асыруға бел буады. Ал оның арманы – анасы үйреткен кәсіпті нәсіп етіп, дизайнер болу еді. 

Гүлмира Уәлихан, құрақ көрпе шебері:

– Қиыншылықты кім көрмеді? Біз де көрдік. Анам тіккен затын балға айырбастайтын. Сонда бізге: «қазір қиын заманда егер осы маған көмектесіп жатса, сендерге де көмектеседі, сол үшін мен сендерді үйретейін» дейтін.

Құрақ көрпе, жастық, көпшік тіпті, ұлттық нақыштағы сөмкелерді тігетін Гүлмира Уәлиханның студиясы сәнді әрі ұлттық колоритке толы болғанымен, мұнда бүгін өзінен басқа жан жоқ. Себебі тапсырысы көп бұл шеберхана «аутсорсинг» әдісі бойынша жұмыс істейді. Яғни шебер қыздар тапсырысты үйлерінде отырып тігеді. 

Гүлмира Уәлихан, құрақ көрпе шебері:

– Құрақ – өте қиын жұмыс. Үш айға жетпейді, шыдамайды, кетіп қалады. Сол үшін мен топқа жазамын. Группамда 140 адам бар.

Ал жұмыс жасайтын қыз-келіншектердің барлығы Гүлмираның дайындық курсынан өткен, бұл іске машықтанған шеберлер. Себебі Гүлмира соңғы 3 жылда 1000-нан аса қыз-келіншектерге құрақ құраудың әдіс-тәсілі мен ою салудың орны мен ретін үйретіп келеді. Гүлмира Уәлиханның өзі 5 баланың анасы болғандықтан, ол бұл курстарды көп балалы және жалғызбасты, сондай-ақ мүгедек аналарға тегін өткізіп жүр екен.

Әлия Асылова, шебер:

– Өте пайдалы кеңестер алдық. Бір жобаны бітірдік. Өте жақсы сабақтар алдым.

Гүлмира Уәлиханның дайындық курсынан өткен қыз-келіншектердің дені осыдан соң өз істерін ашып, ұлттық кәсіпті нәсіп етіп отырса, Гүлмираның шеберханасынан шыққан бұйымдар Ресейді айтпағанда, АҚШ, Қытай, Корея, Араб елдерінде үлкен сұранысқа ие екен. Ұлтымызда, қиын-қиыстау кезеңде қалдық матадан жасалған өнердің бұл түрі бүгінде әлемді таңдандырған, табысты кәсіп көзіне айналып отыр дейді шебер.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы