425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда медициналық қалдықтарды өңдейтін компания жауапқа тартылды

  • 454
  • UPD: 08:03, 14.03.2020
Алматыда медициналық қалдықтарды өңдейтін компания жауапқа тартылды

Алматыда Экология департаментінің мамандары медициналық қалдықтарды өңдейтін компанияны жауапқа тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған экология белсенділерінің әлеуметтік желіде таратқан бейнекөрінісі себеп болды.

Бұл – Алатау ауданындағы медициналық қалдықтарды өңдейтін және оны жоятын мекеменің қоқыс алаңы. Мұнда пайдаланылған бір реттік шприцтерді анық көруге болады. Бейне көріністерді экологиялық қоғамдық ұйымның белсенділері әлеуметтік желіде таратқанан кейін оқиға орнына экология, аудандық әкімшілік және табиғатты қорғау өкілдері барды. Мамандар қызмет көрсету компаниясы тарапынан бірнеше заң бұзушылықтарды анықтап, аталған мекемеге 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Талғат Қамбетов, қалалық экология департаментінің бас маманы:

– Тексерістер жүргізіп тұрамыз осы көрсетілген жайт бойынша. Аудандық табиғатты қорғау полициясы тарапынан әкімшілік іс қозғалып, жауапқа тартылып жатыр. Алдағы уақытта да нұсқаулар берілетін болады.

Тимур Елеусізов, «Эко Патруль» қозғалысының белсендісі:

– Біріншіден, бұл – айналаны ластау. Екіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалмаған. Олар пайдаланылған медициналық құралдарды толықтай жоймаған. Себебі дәрі-дәрмегі бар шыны әйнекті залалсыздандыру үшін алдымен оны бір мың градус ыстықта ұстау керек. Ал біз мұнда медициналық қалдықтарды өңдеу толықтай жүргізілмегенін көріп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы