443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Райымбек ауданының тұрғындары Наурызды өз шаңырағында атап өтті

  • 114
  • UPD: 11:52, 24.03.2020

Бар әлемге тараған вирустың кесірінін еліміздегі Әз-Наурызды тойлау үрдісі биыл өзгерді. Мереке бұрынғыдай аудан, қалаларда кең көлемде өтіп жатқан жоқ. Есесіне жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін өз шаңырағында, жақындарымен қарсы алуда. Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғындары да ұлттық мерекені дәстүрге сай атап өтті.

- Елімізге береке-бірлік беріп, Құдайым әмсе бұлағымызды тұнық етсін. 

Бұлақ - күллі тіршіліктің күре тамыры. Ақсақалдардың ақ батасымен қайнарды тазалап, арнасын кеңейту ұлық мерекені тойлаудың алғышарты іспетті. Ерте заманнан келе жатқан дәстүрдің мәні мен мағынасы тереңде жатыр.

Медетхан Әбіров, аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі:

- Табиғатты жаңартуға арналған. Өйткені сусыз ештеңе өспейді. Сол себепті «судың көзін ашып, оған ақ тамызыңдар» деп ата бабамыз айтып кеткен. Ақ құйғаны ақ болсын, заманымыз тыныш болсын деген дәстүр. Кейінгі жылда бұл жаңғырып келе жатыр. Әйтпесе бұл ұмыт болған. Құдайға тәуба. Егемен ел болғалы бұл жалғасып келе жатыр. 

Нарынқолдағы ақсақалдар бұл күні бұлақ көзін ашса, Сүмбедегі әжелер Наурыз көже пісірді. Гүлбаршын Қырықбаева ұлттық тағамды әзірлеп ғана қоймай оның дайындалу жолын жас келіндерге үйретті. Жасалуына ғана емес, халқымыздың таным-түсінігі негізінде қалыптасқан әдет ғұрыптарды да түсіндіріп берді.

Қазанның төрт құлағын майлап, төрт құбыламыз тең болсын дейміз. Түбін майлаймыз, елімізде молшылық болсын деп түбін майладым.

7 түрлі дәм мен сүр ет қосылған құнарлы ас Тәліп Әлімақыновтың шаңырағында дайындалды.  9 балалы отбасының берекелі дастарқанда бас қосқан ағайын мерекенің үлгі өнегесі жайында әңгіме өрбітті.  

Бүркітжан Әбітаев, ауыл тұрғыны:

- Бұл Наурыз мерекесі ынтымақ бірліктің мерекесі. Туған туысты шақырады дағы әңгімелерін айтып, сырларын шертіп, өкініш- өкпесі болса бәрі осы наурызда қалдырып жаңа үмітпенен алға басады.  

Ал Ерденбековтер әулеті Ұлыстың ұлы күніне орай қарияларды қонаққа шақырыпты. Ақсақалдардың батасын алып, немересінің тұсауын кестірді. 

- Жасың ұзақ болып, өмірің ұзақ болсын.  

Ұлық мерекені тойлауға 103 жастағы соғыс ардагері Тұрған Оласанов та атсалысты. Ғасыр жасаған қария көпшілікке батасын беріп, жастар аллеясына ағаш көшетін отырғызды. Ал жергілікті билік көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға сый сияпат жасап, шаңырақтарын шаттыққа бөледі. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы