412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тосқауыл бекетін айналып өткен ақтөбелік қамауға алынды

  • 185
  • UPD: 14:35, 04.04.2020

Ақтөбенің айналасындағы тосқауыл бекеттерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге екі жүзден астам азамат жұмылдырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлер мен әскерилерден бөлек, санитар мамандар мен дәрігерлер, еріктілер қауіпті дерттің еліміз бойынша кең етек жаймауын қадағалауда. Дегенмен бұл шараларға атүсті қарап, ескертулерге құлақ аспайтындар да кездесуде. Мәселен, бұған дейін Алға ауданына бет алған 21 жастағы ақтөбелік тосқауыл бекетін айналып өткен. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 5 тәулікке қамауға алынған.

Темірдей тәртіптің арқасында тосқауыл бекетін айналып өткен азамат көп ұзамай кейін қайтарылды. Келесі бекетке жеткенде, көліктің дәл осы жерден өтпегені анықталған. Полицейлер заң бұзған азаматты дереу облыс орталығына жеткізді. Мұндай шаралардың қауіпті кеселдің алдын алу үшін жасалып отырғандығы айтпаса да белгілі. Себебі әрбір тосқауыл бекетінде тәртіп сақшыларынан бөлек, санитар мамандар мен дәрігерлер де отыр. Олардың міндеті – жолаушылап шыққан жандардың денсаулығын қадағалап, дертті жандарды қоғамнан оқшаулау. Дәл қазір жауапты жұмысты мойнына жүктеген мамандармен тілдесіп көрейік.

Жалпы әрбір тосқауыл бекетінде 30 маманға дейін бар. Облыс орталығынан шығатын барлық жол бойы назарға алынған. Ал жүргізушілердің иен даланы шарлап, ырықсыз кетпеуі үшін жыра қазылған немесе топырақ үйілген. Дегенмен әлемді шарлаған қауіпті кеселді тоқтатуға бірінші кезекте азаматтардың өзінің жауапкершілігі себеп болады. Сондықтан көрермендерімізге тағы бір мәрте үйде отырудың маңыздылығын еске салғымыз келеді. Жалпы Ақтөбе облысында шектеу шаралары қолға алынғаннан бері 90-ға жуық төтенше жағдай режимін бұзу дерегі анықталған. Нәтижесінде 9 азамат қамауға алынып, 32 жағдайда айыппұл салынды.

Хабар 24 телеарнасы