414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда қар барысының популяциясы артып келеді

  • 184
  • UPD: 08:50, 05.04.2020

Қар барысы немесе ілбіс – Қазақстандағы мысық тұқымдастарға жататын ең ірі аң. Олар әлі күнге дейін Іле ала тауын мекендейді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ұлттық қорықтың мамандары бұл жыртқыштың өмір-тіршілігін фототұзақ арқылы анықтайды. Яғни, ерте күзде қойылған фото камералардың суретін қазір алу керек. Өйткені табиғат ана жасарып, күн мен түн теңеліп жатқанда аюлар да оянып, фототұзақтардың тас талқанын шығаруы мүмкін.

Мына бір бейнеде тау ешкілері түсіп қалған. Тау ешкі қар барысының негізгі азығы десек,  бұл жерде Ілбістің бар екеніне мамандар күмән келтірмейді. Зоолог мамандар қыстан кейінгі жолдарды ашып көріп жатыр.  Мұндағы  іздерге қарап, бұл жерлермен қар барысының балалары жүргенін байқауға болады. Демек, барыс төлдеген. Кішкентай барыстар фототұзақтың қасына келіп, оны зерттеп көрген сыңайлы.

Салтөре Сапарбаев, зоология институтының ғылыми қызметкері:

– Әдетте барыстың балалары фототұзақты иіскелеп көреді, тістелейді. Бірақ бұл фототұзақтардың ең бірінші жауы –аюлар.  Себебі алып денелі, азық іздеген жыртқыш аң оны  кеміргенде, камераны ұстап тұрған белдеулер шыдас бермей  үзіліп кетеді.  Яғни, біз қыс бойы түсірген бейнелерімізді жоғалтып алуымыз мүмкін.

Қорық мамандарының жоспары жүзеге асты десекте болады. Өйткені олар орнатқан фототұзақтарға аюлар әлі келе қоймапты. Өткен жылы  суретке түсіріп алған қар барыстарын  мамандар шатаспай  танып отыр. Тіпті олардың есімдері бар екен. Мынау Дана есімді қар барысы.  

Салтөре Сапарбаев, зоология институтының ғылыми қызметкері:

–Мен оны өткен жылы  10 метр қашықтықтан суретке түсіріп алдым.  Ойламаған жерден жүгіріп шыққанда, оны суретке тартып үлгердім.  Әрине, ол керемет сурет болды. Себебі сондай жақын қашықтықтан қар барысын түсірген сурет әлемде де жоқ шығар деп ойлаймын. 

Дана жақында ғана екі мысығын дүниеге әкелген.  Әр барыстың өзінің «ай-ди» коды бар. Яғни, төлқұжаты десекте болады. Онда ілбіс туралы барлық ақпарат сақталған.  Ал енді оның жаңа туған мысықтары да  адамдардың бақылауында болады. Себебі  жас барыстардың жаулары көп. Ең бірінші қауіп қасқырдан төнуі мүмкін. Өйткені жабайы мысық көкбөрілердің басты бәсекелесі.

Алексей Грачев, ҚР зоология институтының териология бөлімінің жетекшісі:

– Барс  –  Қазақстанды мекендейтін  мысық тұқымдастардың ең ірісі. Бүгінге дейін Қазақстан аумағында сақталған жалғыз түрі десекте болады. Өткен ғасырда біздің жерімізде  жолбарыстармен, гепардтарда болған. Бірақ бұл жыртқыштардың барлығы  адам әрекеті нәтижесінде жойылып кетті.

Қазір ұлттық қорықта 150 ге жуық қар барысы бар. Олардың барлығы зоологтардың назарында. Жабайы табиғатта жағдайы жақсы болса, алты мыңнан астам қар барысы тіршілік ете алады екен. Сондықтан осы бір сүйкімді жыртқышты көбейту үшін мамандар аянып қалмаймыз деп отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Гүлбану Жұмабай

Хабар 24 телеарнасы