411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда әлеуметтік себеттер «Қазпошта» арқылы жеткізіледі

  • 194
  • UPD: 22:48, 06.04.2020
Алматыда әлеуметтік себеттер «Қазпошта» арқылы жеткізіледі

Мұқтаж жандарға әлеуметтік көмекті, әсіресе азық-түлік жиынтығын бұдан былай волонтерлер емес, «Қазпошта» қызметкерлері жеткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Яғни, әркім немесе ұйым өздігінен есік қағып, азық-түлік таратпайды.

Себебі мұндай шара елімізде кеселдің тарауына сеп болуы мүмкін. Сондықтан қала әкімдігі,  «Нұр отан» партиясы және  жомарт жандардың көмектері тек бір қолдан жеткізілмек.

Бұл – қаланың орталықтандырылған қоймасы. Дәл осы жерден шаһардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен күтімсіз қалған қарияларға азық-түлік жіберіледі. Әр отбасыға 3 себет әлеуметтік маңызы бар және 1 себет қорғаныс тауарлары беріледі.  Заттарды волонтерлер буып-түйгенімен, олар енді үй-үйді араламайтын болды.  Эпидемия жағдайында бұл қауіпті болғандықтан, тасымалдау жұмыстарын тек «Қазпошта» қызметкерлері атқарады.

Мәди Ахметов, қалалық "Jas Otan" жастар қанатының төрағасы:

–  1000-ға  жуық отбасына Алматы қаласы бойынша, осы «Казпоштаның» тасымалдаушылары, жеткізушілер арқылы  Алматы қаласы бойынша азық-түлік себеттерін жеткізу, әлеуметтік көмекті көрсету қолға алынады. Жалпы, жоспарда 18 мыңнан астам отбасын осындай арнайы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Тасымалдаушы мен көмек алушы азаматтың  арасында 1,5-2 метр қашықтық сақталу қажет. Бұл көмекті жеткізуде барлық карантиндік талаптар сақталады, дейді ұйымдастырушылар.

Мәлік Тұрсынқожаев, көп балалы әке:

– Бес  баланың әкесімін.  Осындай қиын-қыстау кезде бізге көмектесіп жатқандарыңызға рақмет. Алғысым шексіз.

Ләззат Жетібаева, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқарма жетекшісінің орынбасары:

– Республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Онымен қатар, «Жаңа Алатау» қоғамдық қоры мен «Нұр Отан» партиясының біз біргеміз акциясы аясында да көмек көрсетілуде. Мұндай көмек аз қамтылған  мұқтаж отбасыларға беріледі. Ешкім назардан тыс қалмайды.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы