419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арқалық құс фабрикасы күніне 310 мың дана жұмыртқа шығарады

  • 363
  • UPD: 10:10, 27.04.2020

Өткен жылдың желтоқсан айында Ауыл шаруашылық министрлігінің шешімімен тағамдық жұмыртқа өндірісіне беріліп келген субсидия тоқтатылған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл құс фабрикаларының тыныс-тіршілігіне әсер етті. Оның үстіне жем азығының бағасы да шарықтап кетті. Сондай қиындықтарға қармастан, Арқалық құс фабрикасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Дағдарыстағы жұмыртқа өндірісі жайлы тілші репортажы.

Арқалық құс фабрикасында 240 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі жастар және барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Мұнда бірде-бір адам қысқартылған жоқ. Кәсіпорында санитарлық талаптарға айрықша мән беріледі.

Динара Сейілова, сұрыптаушы:

Жұмысым өзіме ұнайды. Қазір карантинге қатысты тоқтатып жатқан жоқ. Бізді автобус өзі алып келеді, алып кетеді. Айлығымыз уақытында беріледі.

Фабриканың қазіргі жағдайы, сырты бүтін көрінгенімен, іші түтін кейіпті көз алдыңа әкеледі. Мұнда бүгінде 500 мыңға жуық тауық бар. Оларды қоректендіру үшін басқа қоспаларын айтпағанда күніне 40 тонна жем қажет. Ал, енді астықтың тоннасы қазір 100 мың тенгеге жеткендігін ескерсек, шығын шаш етектен екендігін жақсы түсінесің.

Жәмила Исмайлова, Арқалық құс фабрикасының директоры:

Субсидия төлеп жатқан жоқ. Біз жемді, амин қышқылын, жем қоспасын Еуропадан аламыз. Өзіңіз білесіз қазір еуро қымбаттады. Сол жағы өте қиын болып тұр.

Қазір Арқалық құс фабрикасы күніне 310 мың дана жұмыртқа шығарса, болашақта оны 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндігі бар. Бірақ мемлекеттік қолдаудан құр қалып, дағдарыс қысып жатқанда  ол жайында айтудың өзі қиын. «Карантинге байланысты әзірге бағаны тұрақты ұстап тұрғанымен, кейін жұмыртқа құны да күрт шарықтап кетуі ықтимал», - дейді мұндағы мамандар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы