420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулық бір топ азамат полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады

  • 486
  • UPD: 11:00, 30.04.2020

Атыраулық бір топ азамат полиция қызметкерлеріне көмекке келді. Атты жасақ карантин кезінде иесіз қалған саяжайлар аумағын бақылауға көмектесуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көмекшілер жүздеген қылмыстың бетін ашуға атсалысқан. Осы еңбектеріне олар кесімді айлық алып, ерекше көзге түскендерге тоқсан сайын сыйақы да тағайындалған.

Отарғали Әубекеров күн сайын салт атпен өзіне бекітілген төрт көшені аралайды. Алмалы селолық округіне қарайтын бұл аймақта 250-ден астам саяжай бар. Казір уақытша шектеуге байланысты иелері келе алмайды. Осыны пайдаланып оңай олжа іздегендер жетіп артылады.

Отарғали Әубекеров, полиция көмекшісі:

- Қолымыздан келгенше полиция қызметкерлеріне болысып жатырмыз. Өзіміздің баптап мініп жүрген аттарымыз. Осымен қолымыздан келгенше жаяу жүргенше деп пайдаланамыз. Машина бара алмайтын қуыстарға баруға ыңғайлы.

Кешелі бері жедел штаб саяжайшыларға шаруашылықтарына қатынауға рұқсат берді. Бұған дейін бұл ара мүлде қараусыз жатқан болатын. Қараусыз жатқан дүниеге сырттан телміруші көп. Әсіресе, металл қоршаулар мен құрал-саймандар жиі қолды болады екен.

Владимир Завёрткин, саяжай иесі:

- Жасақтар атқа мінгелі ұрлық айтарлықтай азайды. Бұрын құрал сайман құрылыс материалдары жиі жоғалатын. Өзіміз күзетші жалдауға қаражат жоқ. Мына бастама өте оңды болды.

Саяжай күзетіне ниет етушілер қатары күн санап көбейіп келеді. Себебі, кесімді жалақысы және жақсы жұмыс істегендерге қомақты сыйақы бар.

Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Қоғамдық көмекшілер кезекшілікке учаскелік инспекторлармен бірге қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Әр тоқсан сайын белсенді көмекшілер 10 АЕК мөлшерінде сыйақы алып отырады

Бүгінде мұнайлы өңірде 600-ден астам қоғамдық көмекші бар. Олардың ауылдық жерде тұратындары өз аттарымен кезекшілікке шығады. Жыл басынан бері қарай атты сарбаздар 100-ден астам қылмыстың ашылуына септігін тигізіпті. Келешекте олар тек саяжай күзетіне ғана емес, ауылдық оқругтердегі көше тәртібіне пайдаланылатын болады. Сарбаздар «полицияның қоғамдық көмекшісі» деген куәлік және арнайы киіммен жабдықталған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы